«Өзіңіз үшін дұрыс шешім қабылдаңыз» – Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері тұрғындарға үндеу жолдады
Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациядан өтуге шақырды.
– Қазақстандағы коронавирустық инфекцияға қарсы кез келген вакцина мақұлданған, қауіпсіз және тиімді. Қолданылатын вакциналар әлемнің көптеген елдерінде қолданылады, сондықтан белгілі бір препараттың жеткізілуін күтудің қажеті жоқ. Дәл қазір бізде бар вакцинаны алу керек. Күнделікті ойланып-толғанған сайын алтын уақыттарыңызды жоғалтасыщдар, – деді Юрий Залыгин тікелей эфирде өткен брифингте. – Әрбір азамат өзі үшін дұрыс шешім қабылдауы керек. Мен денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімдері барларды қоспағанда, барлығына вакцинациядан өтуді ұсынамын.
Ол ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың кемінде 70%-ы вакцинациялануы керек екенін еске салды.
Қарағанды облысында 27 шілдедегі жағдай бойынша КВИ-ға қарсы вакцинаның бірінші компонентін 371 515 адам, екі дозаны — 238 171 адам алды. Белгілі бір сала қызметкерлері үшін міндетті вакцинациялау мерзімі ұзартылды. Олар вакцинаның бірінші компонентін 10 тамызға дейін, екіншісін 1 қыркүйекке дейін алуы керек.
Соңғы үш ай ішінде медициналық қарсы көрсетілімдері бар немесе COVID-19 ауырып жазылған адамдарды егу талап етілмейді.
– Эпидемиологиялық жағдай тек әрқайсымызға байланысты екенін бәріміз түсінуіміз керек. Барлық сақтық шараларын сақтауды сұраймын. Егер өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, жөтел, мұрынның бітелуі пайда болса, дереу медициналық көмекке жүгініңіз, өзіңізді емдеумен айналыспаңыз, – деді қарағандылықтарға облыстың бас санитарлық дәрігері.
Дереккөз – Қарағанды облысының әкімдігі