Жылыту маусымының барысы кезекті аппарат кеңесінде қаралды

Бүгін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Оның жұмысына Ұлытау облысы әкімінің орынбасарлары, бірқатар басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты.
 Кеңесте қаралатын негізгі мәселе өңірдегі жылыту маусымының барысына қатысты болды. Бұл туралы жиналғандарға Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Жандарбеков, қалалар мен аудандардың әкімдері баяндады.
 Мамандардың айтуынша, облыс бойынша барлығы 124 қазандық, 1 023 км электр беру желілері, 41 км жылу желілері, 71 км ауыз су құбырлары және 169 электр станциялары жөнделді. Есепті күнге халық үшін 104,5 мың тонна көмір (немесе жалпы көлемнің 85%), коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін – 400 мың тонна көмір (немесе жалпы көлемнің 100%) дайындалды.
 Аппарат кеңесі барысында қалалардың, аудандардың әкімдеріне және мемлекеттік мекемелердің басшыларына жылыту маусымында апаттарды уақтылы жою жөнінде тапсырмалар берілді.
 Өңір басшысы барлық энергетикалық нысандардың иелері оларды күтіп ұстауға, жай-күйіне және заңнамада көзделген дұрыс пайдалануға жауапты екенін атап өтті.
 Кеңес соңында Берік Әбдіғалиұлы өзінің кеңесшісі П.Сәдуақастың ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ауысқаны туралы хабарлады. Осы лауазымда атқарған жұмыстары үшін алғысын білдірген өңір басшысы П.Сәдуақасқа одан арғы қызметінде табыс тілеп, оған Алғыс хат табыс етті.