Жылыту маусымы: қауіп пен сақтық

От жағу мезгілі жауапкершілікті талап ететін күрделі кезең. Оған түбегейлі дайындалу қажет. Осы уақытқа дейін болған өрттердің талдауына жүгінетін болсақ, барлық өрттер мен жану жағдайларының жартысынан көбі жылыту приборларын және от жағатын пештерді дұрыс қолданбаудың салдарынан болған екен.

Өрт – деген тілсіз жау, оның салдарынан адамдар баспанасынан, мүліктерінен айырылып қалулары мүмкін.

Пештен шығатын өрттердің себебі пешті салу кезінде жіберілген өрт қауіпсіздік ережелерінің бұзушылықтары.

Пештерді қолдану кезінде жиі кездесетін бұзушылықтардың бірі ол жанатын құрылымдардан белгілі арақашықтықты сақтамау, от жағатын пештердің алдына 50х70 см. көлемінде қаңылтыр беттерін қақпау, сондай-ақ пештің үстіндегі жарық, сынған плиталарды пайдалану, пештің үстіне ағаш немесе киімдер кептіру.

Егер тұрғындар қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң түрде сақтап отыратын болса, қайғылы нәтижелерге әкеліп соғатын оқиғалардың алдын алуға болады.

Ұлытау ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі барлық аудан тұрғындарына үйлеріңіздегі барлық пештерді мұқият тексеруді, саңылауларын сылауды, түтін шығаратын құдықтарын және түтін шығаратын құбырлардың дұрыс қалануы мен орнатылуын тексеруді, мұржаны әктеп қоюды естеріңізге салады.

От жағатын пештерді қолдану кезінде пештің қатты қызып кетуіне жол бермеу керек, себебі пеш қатты қызған кезде пештің қабырғалары жарылып кетеді, ал мұндай жағдай өрт көзі болуы мүмкін. Есіктері ашық немесе жартылай ашық жанып жатқан пештерді қараусыз қалдырмауды естеріңізге саламыз.

От жағуды балаларға тапсырмаңыздар. Пештің үстіне ағаштарды, киімдерді және жанатын басқадай заттарды жинамаңыздар және кептірмеңіздер.

Үйлеріңізді жылытуға қолдан жасалған приборларды қолданбаңыздар.

Ақауы бар пештердің жарылуы немесе саңылауларынан түтін шығуынан иіс тиіп адам өміріне қауіпті.

Осы қарапайым ережелерді сақтамасаңыздар Сіздер өздеріңізге, балаларыңызға, жақындарыңызға және мүліктеріңізге қауіп-қатер төндіресіздер. Қарапайым өрт қауіпсіздік ережелерін сақтау – адамдарды мерт болудан және мүліктің жойылудан сақтап қалады.

Медет ИСМАЙЛОВ,

Ұлытау ауданы ТЖБ аға инженері, азаматтық қорғау капитаны.