Жылу жүйелі беріледі

– Қатал сынға қапысыз қамдықпен келіп отырмыз. Ауылда жылу беру маусымы жан-жақты әзірлікпен басталды. Орталықтағы әлеуметтік нысандардың бәрі отынмен қамтамасыз етілген. Жылу жүйелі берілетін болады, – дейді Аманкелді ауылдық округінің әкімі Ноян Жеңсікбаев бізбен әңгімесінде.

Ауыл әкімінің айтуынша орталықта мектеп, ФАП, клуб және әкімдікті қосқанда 4 әлеуметтік нысан бар екен. Олардың бәрі көмірмен толық қамтамасыз етіліпті. Атап айтқанда, мектепке 280, дәрігерлік-акушерлік пунктке 30, клуб үйіне 20, әкімдікке 15 тоннадан көмір түсірілген. Ондағы жылу қазандықтары мен пештер жаз айында жөнделіп, құдықтары тазартылған. Клуб үйі мен мектеп күрделі жөндеуден өткен. Өзге ғимараттар мен жекеменшік тұрғын үйлер де қыс қарсаңында жылытылып, сыланып, сырланған. Жылу беру қыста тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін от жағушылардың да ауысыммен жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалынған.

– Ауылдағы рухани орталықтың бірінен саналатын Мешіт үйін де қыста жылусыз қалдырмадық. Намазхандардың мешітте намаз оқып, Аллаға құлшылық етуі үшін бір мезгіл от жағып, мешіт үйін жылытуға мүмкіндік бар. Көмір пітір-садақадан түскен қаржыға алынып, оны ауыл азаматтары өз күштерімен жеткізіп беруде, – дейді ауыл әкімі.

Жалпы, ауыл тұрғындары да қыстық отынмен ерте қамданып алыпты. Биыл көмірдің бағасы 16-18 мың теңгенің көлемінде айналуда. Әр үй өз шамаларына қарай 5-10 тоннадан түсіріп алған. Ал, көмірді ауылға осы елдің азаматтары өздерінің жеке көліктерімен тасымалдауда. Мәселен, Айдос Әбікенов, Балғабек Қаражорғин, Жансерік Тәтембаев өздерінің «КамАЗ» автокөліктерімен Шұбаркөлден көмір тасып, оны ауылдастарына келісімді бағамен түсіріп беруде. Ауыл тұрғындарына шөп жеткізіп берушілер де осы жігіттер екен.