Жылу, су һәм денсаулық фракция отырысының өзегі болды

Ұлытау облыстық мəслихатының төрағасы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВТЫҢ қатысуымен облыстық мəслихаттағы «Аманат» фракциясының отырысы өтті. Күн тəртібінде жылу маусымына дайындық, денсаулық жəне өрт қауіпсіздігі басты тақырып болды.

Фракция жұмысына басқарма басшылары, «AMANAT» партиясы Ұлытау облыстық филиалының барлық деңгейдегі атқарушы хатшылары қатысты. Отырысты фракция жетекшісі Светлана Жумкина ашып жүргізді. Күн тəртібіндегі бірінші мəселе бойынша облыс əкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов жылу маусымына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
– Жылу орталығында 8 қазандық бар. Біз биылғы қыстан 6 қазандықпен шықтық. Ақпан айында 6-шы қазандық қосылды. Соның арқасында жылу беруде іркіліс болмады. Биылғы мақсатымыз алдағы маусымында 2 қазандықты күрделі жөндеуден өткізіп, 5 пен 7 жəне 8-қазандықты толығымен іске қосу. Жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Қаражат бəрі бекітілген, – деді орынбасар өз сөзінде.
Дегенмен, алаңдаушылық та бар. Басты себеп – 5-ші қазандыққа жөндеу жұмысы наурыз айында басталу керек болатын. Алайда əлі басталмаған.
Отырыста күн тəртібіндегі мəселеге орай басқарма басшылары өз салалары бойынша ақпараттар ұсынды. 2024 жылы 337,8 шақырым сумен жабдықтау жəне кəріз желілерін салуға, сондай-ақ реконструкциялауда 18 жоба іске асуда.
Алқалы жиында дала өрті мен құрғақшылықтың алдын алу шаралары да сөз болды. Ұлытау облысының табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Абзал Ахметбеков өз есебінде өңірде ағаш отырғызу жұмыстары аяқталғанын, орман шаруашылығына жаңа техникалар алынғанын, өрт сөндіру кезінде адам тасымалдауға «ГАЗель» шағын автобусының сатып алынғанын тілге тиек етті.
Ал, денсаулық сақтау басқармасының басышысы медициналық мекемелердің жай-күйіне тоқталды. Сондай-ақ, 2024 жылы нəрестелердің шетінеуінің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылы облыста 2024-2025 жылдарға арналған жүкті, босанатын жəне босанған əйелдерге медициналық көмекті одан əрі жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілген. Ана мен бала өлімінің алдын алу жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың ведомствоаралық жоспары негізіндегі іс-шаралардың орындалуына мониторинг жүргізіледі.
Баяндамалардан кейін, депутаттар зум платформасы арқылы өзекті деген сұрақтарды қойып, жауаптар берілді.

Ізбасар ОЙБАС.