Жыландының жолы жаңғыруда

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ұлытау ауданында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын бұған дейін де жазған болатынбыз. Бұл бағытта әсіресе ауылдағы жолдарды жөндеуге баса мән берілген. Соның арқасында Жыланды ауылының жолы да жаңғыртылып жатыр.

Жуырда аудан басшысы Аманжол Мырзабеков Сарысу ауылдық округіне іссапармен барып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аудандық дәрежедегі Жыланды ауылына кіреберіс жолының жұмысымен танысты.
Оған облыстық, аудандық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жұмыстарды мердігер «Алмас Құрылыс Қазақстан» ЖШС атқаруда. Қазіргі уақытта 9 шансиман ауыр жүк көлігі, 5 камаз, 3 жол тегістегіш, 1 эксковатор, 2 суқұйқыш, 3 жол салатын арнайы техника және 30 адам жұмыспен қамтылған.
Жол жөндеу жұмысының барысымен танысқан Аманжол Батырбекұлы әрбір атқарылған және атқарылатын жұмыстарын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтып, облыстық басқармамен бірлесе жұмыс жасауды жауапты аудан әкімінің орынбасарына және ауыл әкіміне тапсырды.
Сондай-ақ, іссапар барысында аудан басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржысы бөлініп, қазіргі уақытта конкурстық жұмыстары жүргізіліп жатқан Сарысу ауылының Әуезов, Сейфуллин, Сәтбаев, Бейбітшілік, Тіккөзов көшелеріне де тоқталып өтті. Мердігер анықталғасын, уақыт созбай жақын күндері жол құрылысын бастауды Сарысу ауылының әкіміне тапсырып, тікелей өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.