«Жыл мұғалімі — 2021» үздігі анықталды
Ұлт ұясы – Ұлытауда «Жыл мұғалімі-2021» байқауы өтті. Байқауды ұйымдастырған аудандық білім бөлімінің мақсаты – жаңартылған білім мазмұнындағы оқытудың инновациялық технологияларын меңгеріп, қазіргі жаһандану заманына сәйкес жаңа тәсілмен білім беріп жүрген дарындымұғалімдерді анықтау болды. Ең бастысы, мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін көпшіліктің назарына ұсыну, сол арқылы олардың қарым-қабілеттерін одан әрі ұштай түсу. Бұдан тысқары әрине түпкі межеде мұғалімдердің жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу ұстанымы бар. Байқау барысында сол межеге белгілі бір деңгейде қол жеткізген мұғалімдер еңбегі де ескерілді. Бұл тұрғыда ұстаздарға жоғары талап қойылды. Осы ретте, білімді педагогты анықтаған байқаудың бірінші кезеңіне аудан аумағындағы мектептерден 13 мұғалім қатысты. Олар өз білімдері мен біліктіліктерін сарапқа салды.
Сайыстың екінші кезеңінде мұғалімдер кәсіби біліктіліктерін шығармашылық шеберлікпен байланыстырды. Ашық сабақтар өткізіп, ұстаздық қырын жаңаша бағытта көрсетуге тырысты. Нәтижесінде шығармашылыққа бейім, ізденімпаздары алға шығып, мықтылары іріктелді. Жоғарыда аталған қатысушылардың ішінен 6 үміткер ғана дараланып, үшінші кезеңге өтті.
Бұл жолы да педагог мамандар кез келген өзгеріске төселіп, оқушылармен ортақ тіл табыса алатын, өз ісінің шебері екенін танытты.
Байқау қорытындысында озық ойлы, білімді мұғалімдер анықталып, қазылар алқасының ұйғаруымен жүлдеге ілікті.
Сонымен, Бас жүлде мен 100 мың теңгелік сертификатқа №1 Ұлытау орта мектебінің мұғалімі Маржан Аханова иеленіп, «Жыл мұғалімі — 2021» байқауының жеңімпазы атанды. Ал, жүлделі бірінші орынға Жезді мектеп-интернатының мұғалімі Ләззат Әбілдина лайықты деп танылды. Екінші орынды №11 Қоскөл мектебінің мұғалімі Ақтоты Әуесханова иемденді. Үшінші орын №6 Жезді мектебінің мұғалімі Ақбаян Қалиеваға бұйырды. «Ең үздік сабақ» номинациясын №7 Сарысу мектебінің мұғалімі Сәуле Үскенбаева алды. «Үздік сыныптан тыс жұмыс» номинациясына №15 Ж. Жабаев атындағы Қарсақбай мектебінің мұғалімі Айдана Жәрдем иелік етті. Бұл мұғалімдерге де Диплом мен ақшалай сыйақылар берілді.