Жошы ұлысы – жаһан назарында

«МИР» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының Қазақстан Республикасындағы Ұлттық филиалы Ұлытау облысы туризмінің дамуы, өңір тарихы мен қасиеттілігінің қазақ халқы үшін алар орны жəне Алтын Орда – Жошы ұлысы жайлы деректі фильмнің түсірілімін бастады.

– Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз керек. Мысалы, Монғолияда Шыңғыс хан тұлғасын халықаралық туризмді дамыту үшін өте тиімді пайдаланып отыр. Ал, Шыңғыс ханның үлкен ұлы – Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде еліміздегі жəне шетелдегі жұртшылықтың көбі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына əлемнің назарын аударып, кесенесін мəдени тур нысанына айналдыру – өте маңызды міндет. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиіс, – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-2019» туристік форумында сөйлеген сөзінде. Содан бері өңірімізде бірқатар ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Соның бірі де бірегейі – «Жошы хан» тарихи-мəдени кешені. Бүгінде бұл орталық өңірімізде киелі туризмді дамыту, тарихи-мəдени нысандарға туристік қызығушылықты арттырудың негізін қалап отыр. Соның бір айқын айғағы аймағымызға «МИР» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының келуі.

Аталмыш телекомпанияның Қазақстан Республикасындағы Ұлттық филиалы Ұлытау облысы туризмінің дамуы, өңір тарихы мен қасиеттілігінің қазақ халқы үшін алар орны жəне Алтын Орда – Жошы ұлысы жайлы деректі фильмнің түсірілімін бастады. Олар осы мақсатта «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының аумағындағы Ақмешіт Əулие мен Хан Ордасы, «Ұлытау» сапар орталығы мен музейінде түсірілім жүргізді.

Түсірілім жұмыстары «Жошы хан» мазарында, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде жалғасын таппақ. Осылайша, Ұлытау өңіріндегі тарихи-мəдени жəдігерлерді енді күллі жаһан жұртшылығы теледидардан тамашалайтын болады. Қасиетті Көктөбенің баурайындағы тарихтың тереңінен сыр шеткен ескерткіштер мен өңіріміздің тамаша табиғаты мен сол табиғат тарту еткен кереметтерін көгілдір экраннан көрген ел ертең оны өз көзімен көруге ағылары да сөзсіз.

Ізбасар ОЙБАС.