Жошы ұлысы – ұлық ұлыс
Биыл Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толып отыр. Ал, Жошы – ұлы қаған Шыңғыс ханның бəйбішесі Бөртеден туған төрт ұлының тұңғышы. Тарихқа жүгінсек, Монғол шапқыншылығынан соң Қыпшақ даласында құрылған жаңа мемлекет – «Жошы ұлысы» болып атанды. Дешті-Қыпшақтың əміршісі болған «Ұлықұлыс» тарихта «Алтын Орда» мен соның негізінде құрылған Қазақ хандығының түп атасы ретінде көпке мəлім.
Жошы хан – əскери қолбасшы, даңқты мемлекет қайраткері. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда мемлекеттерінің, Орта Азия, Қазақ жəне Қырым хандықтарының билеушілерінің бəрі Жошы əулетінен өсіп-өнген тұлғалар. Өткенге көз жіберсек, Еуразия құрлығының дəл ортасында Жошы ұлысы (1224-1242) жəне оның жалғасы болып Алтын Орда империясы (1242-1502) өмір сүрді. Осы тұста, бір айта кетерлігі, олардың бір-бірімен жүргізген түрлі бағыттағы қарым-қатынастары сол замандағы халықаралық жағдайдың көрсеткіші болды. Оған Египет пен Алтын Орда арасындағы қатынастар толық негіз бола алады. Нақты айтқанда, Жошы хан жаңа мемлекеттің негізін салды. Қоғамда ел мен жерге жауап беретін, ұлттың ары мен намысын жоқтайтын, мемлекеттік деңгейден көріне білетін əлеуметтік-саяси орта қалыптастырды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Жошы қазақ халқын бірнеше ғасыр бойы алға сүйреген, ел үшін басын бəйгеге тіккен мемлекет билеушісі əрі қазақ хандарының даңқты қолбасшысы ретінде танылды. Жошыдан туған он жеті ұлдың ең даңқтысы – Батый, одан кейін атақты ағасы Орда – ол да Сібір хандығының негізін қалады. Інісі Берке – Алтын Орда ханы болды. Ал, бесінші ұлы Сибан, он үшінші ұлы Құтлық Темір олар аймақ иелері атанды. Осының ішінде Жошының бел баласы Батый Алтын Орда мемлекеттігін біржолата орнықтырды. Атап айтар болсақ, батысында Венгрия мен Польшаға дейінгі жерді, оңтүстігінде Кавказдың бірқатар бөлігін иелігіне алды. Жошы ұлысынан бастау алған мемлекет елді жаулап алумен ғана шектелген жоқ, өздерінің қол астындағы қалаларының дамуына да көп үлес қосты. Алтын Орда астанасы Бату сарайында, Берке сарайында, Үргеніш, Хорезм, Сығанақ сияқты шаһарларда сол кездің өзінде ғылымға, əдебиетке, қолөнерге аса ден қоя бастады. Жазу тілі түркі (Шағатай) тілінде жүргізілді. Ең бастысы, Əл-Фараби, Ибн-Сина, Қожа-Ахмет Яссауи, Баһырғани сияқты ғұламалардың асыл мұрасына назар аударып, олардың ілімін дамытты. Оның айғағы – Сайф Сарай «Гүлстан», Хорезми «Мұхаббатнама», Дүрбек «Жүсіп-Зылиха» сияқты əдеби мұралардың дүниеге келуі дəлел. Осындай жақтары Жошы ұлысы дəуірінде руханиятқа көп көңіл бөлгендігін көрсетеді. Əсіресе, Жошы ұлысының пайда болуы Шығыс Еуропа, Орта Азия жəне Сібір аймақтарын мекендеген көптеген халықтардың қалыптасуы мен дамуына зор септігін тигізді. Өйткені, Алтын Орда мемлекеті дүниежүзілік тарихта, əлемдік мəдениетте салмағы бар іргелі де қуатты мемлекет болды. Əуелі Жошы ұлысы ретінде құрылған Алтын Орда Бату хан тұсында, кейін Берке хан дəуірлеп тұрған кезде Мөңке Темір хан, Өзбек хан мен Жəнібек хан тұстарында Еуразия төңірегінде билік құрған тұғыры мықты мемлекетке айналды. Алтын Орданың ең биікке шыққан кезі Берке хан мен Өзбек хан билік жүргізген дəуірі. Берке ханның ислам дінін қабылдауы мемлекеттің дамуына да зор əсер етті. Жан-жақтан ғалымдар, ақындар, суретшілер келе бастады. Шаһар мəдениеті тез дамыды. Мешіттер, медреселер салына бастады. Алтын Орда сыртқары елдермен байланысып, сауда жолындағы мəдениетті мемлекетке айналды. Қалай десекте, Жошы ұлысы «Алтын Орда» атты мемлекеттің іргетасын қалап кетті. Алтын Орда кезеңінде ел экономикасында қолөнер өндірісі маңызды рөл атқарды. Жошы ұлысының көшпенділері үшін табиғи шаруашылыққа қажетті керек-жарақты дайындайтын арнайы орындар ашылды. Плано Карпини жазбаларында: «Ұлыстың əйелдері қысқа пальто, көйлек, аяқ киім, етік жəне былғарыдан бұйымдар жасайтыны жазылған» деп көрсетіледі. В.Рубруктің жазбаларында: «Ер адамдар садақтар мен жебелер, үзеңгі, жүген, ертоқымдар жасап, үйлер салады» – делінген. Тарихи деректерге үңілсек, Жошы ұлысы дəуірінде қолөнер өндірісі қарқынды дамыған сыңайлы. Өйткені, жаулап алу соғыстары аяқталған соң қалалардың жандануына, жаңа орталықтардың бой көтеруіне баса назар аударылғаны байқалады. Қолөнер өндірісі ел ішінде қарқынды дамиды. Сауда жолдарының қауіпсіздігіне көңіл бөлініп, сыртқы сауданы да жандандыра бастайды.
Кешегі Қасым хан, Бұрындық ханнан бастап өздерінің Жошы ұлысының ұлы империясының мұрагері екенін дəлелдеу үшін батысқа қарай жорық жасап, Ноғаймен күресіп, астананы Сарайшыққа ауыстырады. Сөйтіп, Сарайшық Алтын Орданың астанасы атанады. Ондағы мақсат – Ұлы империяның, Жошы ұлысының аумағын кеңейтіп, батысқа қарай жақындай беруді ойлайды. Бірақ, орыс империясы бұл кезде күшейіп, белең алып тұрғандықтан одан əрі жылжи алмай қалады. Бұл кезең Батыс Қазақстанды Жошы ұлысына қосып, астананы Ұлытаудан Сарайшыққа көшірген уақыты болатын. Осыдан кейін Сарайшық Алтын Орданың басты қаласына айналды. Мəдениеті мен қолөнері дамыған білім мен ғылымның шырағын жаққан ірі орда болды. Əсіресе, қолөнер бұйымдары қарқынды дамыды. Қыштан ыдыстар мен түрлі бұйымдар жасау жағы тез өркендей бастады. Соның нəтижесінде қолөнер шеберлері өздерінің жасаған бұйымдарын сатып, Сарайшық қаласы керуен жолындағы тораптардың бірі болды. Қарап отырсақ, Жошы ұлысы бүгінгі қазақ жерінің 65 пайызын құраған екен. Кейін бұл аумақ құрамына Ресейдің Европалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелері, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, солтүстік Кавказ, Хорезм, шығыс жəне батыс Дешті-Қыпшақ даласы енген. Сөйтіп, Жошы ұлысы мен Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың аумағы 10 млн. шаршы шақырымға жеткен. Осылайша, «Ұлық-ұлыс» дəуірі екі жарым ғасырға созылады. Алтын Орда дербес қуатты мемлекет деңгейіне көтеріледі. Мемлекеттің халықаралық беделі өсіп, шет елдермен байланысы күшейеді. Əсіресе, Алтын Орданың Қытаймен, Индиямен, Мысырмен, Кіші Азия жəне Батыс Еуропамен сауда-саттық қатынастары күшейе түседі. Көшпелі тайпаларды хандар мен ханзадалар жəне тайпалардың басқа да белгілі көсемдері мен дəулеттілері қысқы тұрақты орындарда əдемі сарайларда тұрып жатады. Осыған қарағанда, Жошы жасағы қалаларды қиратушылар емес, жаулап алған жерлерді көркейтуші, қорғаушы жəне қала мəдениетіне ықпал етіп, сəулеті сəңгірлеген қалаларды салушылар қатарынан көрінеді. Орта ғасырдағы ірі қалалардың қоғамдық өмірдегі рөлдерінің өсе түскендігін сол замандағы тарихшылар да сүйсіне жазғаны мəлім. Ибн Араб шах жазбаларында: «Сарай қаласы өте қысқа мезгілде Алтын Орда хандарының арқасында гүлденіп, даңқты ғалымдардың, шешендердің, шеберлердің шаһарына айналды» деп жазады.
Шын мəнінде, Жошы ұлысы тарихта өшпес ізін қалдырған қуатты мемлекет. Əсіресе, Алтын Орданың дамуына, өркендеуіне сол заманда ғұмыр кешкен халықтардың тұрмыс-тіршілігіне дəнекер болып, олардың саяси-мəдени жəне экономикалық жағдайының жақсаруына мол мүмкіндік туғызды. Жошы хан дəуірінде Қазақ жерінің төңірегінде Алаш іргетасына негізделген «Жошы ұлысы» атты алып мемлекет құрылды. Ондағы рухани жəне тұрмыстық мəдениетке жаңа өзгерістердің болуы көңілге қонымды болды. Атап айтар болсақ, Жошы ұлысында қалалық таптың қалыптасуы үрдісінің жеделдеуінде оң өзгеріс байқалды. Сауда жолдары дами бастады. Жошы ұлысы сауда мен мəдени алмасудың өркендеуіне ықпал етті. Халықтың материалдық əл-ауқаты да мəдени дамуында да оң өзгерістер орын алды. Экономикада тұрақтылық нығайды. Жошы ұлысын нығайту жəне дамыту, оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтауда Жошы ізбасарлары да үлкен рөл атқарды. Олар дипломатиялық жəне сауда қатынастарын жақсартуда жаңа мəдени элементтерді енгізе бастады. Экономикалық реформа қаржылық жағдайдың жақсаруына жəне экономиканың тұрақтылығына мемлекеттің ұзақ мерзімде өркендеуіне бар күш-жігерлерін жұмсады.
Ал, «Жошы мазары» таза мұсылмандық үлгіде салынған, сəулет өнері. Өйткені, мұсылман діні Шығыс Қыпшақ даласына XIV ғасырда ене бастағаны белгілі. Бұл жөнінде ғұлама ғалым Қаныш Сəтбаев «Жезқазған өлкесіндегі көне ескерткіштер» атты еңбегінде Жошы хан мазарын Алтын Орда кезеңіне жатқызуы да содан. Осыны да қаперге алғанымыз абзал. Тарихи деректерге сүйенсек, Жошы 1227 жылы қайтыс болған деседі. Бірақ, мазардың дəл қай жылы салынғаны туралы нақты айғақ жоқ. Бар болғаны, Алтын Орда кезінде салынған деген дерек бар. Жалпы, осындай мазар салу ислам діні енгеннен кейін дəстүрге айналса керек. Оған дейін таспен қаланып, тас белгі, балбал тастар қойылып келген.
Қорыта айтқанда, Есім хан тұсында Ислам діні дамып, қазақтың рөлі артқан тұста бүкіл ханды Түркістанда сайлайтын болған. Бірақ, осының бəрі əу баста Ұлытаудан бастау алған. Жошы ұрпақтары Жошы бабасының əруағы риза болсын деп Ұлытау жерінен үлкен ескерткіш белгі орнатуы сондықтан. Былай қарағанда, Ұлытау Алтын Орда мен Жошы ұлысының қара шаңырағы іспеттес. Жошы үшін Ұлытау өлкесі жат болмағаны анық. Тарихқа сүйенсек, Ұлытау өңірінде сарайлы қаласының негізін салған Жошы хан өз ұлысының кеңеюі мен нығаюына көп күш жұмсаған деген дерек бар. Бірақ, Жошының кенеттен болған өлімі, оның алға қойған мақсаттарын жүзеге асыртпады. Қалай десекте, Жошының келісті кесенесі, мəңгілік мекені, жамбасы тиген орны – Ұлытау өлкесінде екені ақиқат.
Əлібек КҮЗЕРБАЕВ,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи музей-қорығының директоры.