Жошы хан күмбезінің ерекшелігі – құбба

Құбба термині — ислам сəулет өнерінде күмбездің белгілеу ретінде жоғарғы жағы, сондай-ақ күмбездің өзі, тіпті кесенесі деген ұғым — деп келтіреді кейбір деректерде. Ал араб тілінен аударғанда ғимараттың күмбезді бөлшегі.

Құбба 1973 жылы Қазақ КСР Мəдениет министрлігі ұйымдастырған Орталық Қазақстан экспедициясы (М.Қ.Сембин, М.Маманбаев, М.С.Нұрқабаев) барысында Жошы хан мазарынан табылған. Табылған заттарды анықтау жəне оларды сəйкестендіру М.Қ.Сембинмен орындалды. «Қазқайтажаңғырту» РМК мұрағатының 1983 жылғы инв. №379 бойынша қолжазбада Жошы хан ескерткіші жөнінде осы мəліметтер жазылған жəне бүгінгі күні т.ғ.д. Марат Қатайұлы Сенбинмен дəлелденіп отыр.

Ол XV ғасырда бұрынғы кіші күмбездің төбесіне орнатылған, кейін күмбез қирағанда ол да сынып, қалдықтары сол жердегі үйіндіден бірнеше сапалы көгілдір глазурьмен жабылған фрагменттер ретінде табылған.

Жошы хан кесенесі күмбезінің жоғарғы бөлшегі (құбба) күрделі болғаннан бірнеше элементтерден жинақталған. Олардың сыртқы қабаты көгілдір глазурьмен (шыныкей) қапталған күмбездің төбесіндегі ойыққа бір ізді сызық арқылы ортасына ағаш өзекше кигізіліп, өзекшені мықты ұстап тұруы үшін ішіне «алебастр» құрылыс ертіндісі толтырылған керамикалық «түпсіз ыдыстар».

Жоғарғы элементтің ең төменгі бөлшегі күмбездің өзекше өтетін ойығын жабатын төңкерілген тостаған (бірақ ол бөлшегі жоқ) түрінде болған. Оның үстіне түбі жоқ құмыра ыдысқа ұқсайтын, төменгі тар жəне жіңішке мойыны бар, ал астыңғы жағы дөңгелек денелі болып келген ыдыс киіледі. Оған киілетінүстіңгі бөлшегінде екі жағынан «мүйіздердің» жоғары иілген іздерінің қалдықтары сақталған. Олар жарты айды құрайтын екі мүйіз бейнеде əшекейленген. Екі мүйізі табылған жəне олар иілген жалпақ қабырғалы əрі өткір сынық бөлшектер түрінде. Бұл табылған коллекцияда кейбір элементтер жоқ.

Жошы хан мазарын зерттеушілердің бірі, белгілі архитектор-реставратор Елена Христофоровна Хороштың берген кестелі мəліметі бойынша «Казреставрация» ғылыми-реставрациялық бірлестігі қайта құрылғаннан кейін, табылған олжалар «Қазпроектреставрация» институтының (кейінірек ҚР Мəдениет министрлігінің Материалдық мəдениет ескерткіштерінің ҒЗЖИ болып қайта құрылды) ғимаратында қалдырылған. Өкінішке орай, олардың арасында ескерткіштен табылған, есепте көрсетілген жəне зерттеушілердің графикалық қайта құруларында ескерген жоғарыдағы басқа фрагменттер болған жоқ («қабырғалы тостағандар» т.б. фрагменттері жəне гипс ішіне құйылған жəне оған ағаш өзегі салынған тағы бір кішкентай «түпсіз ыдыс»).

1998 жылы «Қазреставрация» ғылыми-реставрациялық бірлестігі Жошы хан кесенесін қалпына келтіру кезінде күмбездің төбесінде орнатылған құббаны қайта құру үшін пайдаланған.

2009 жылдан 2011 жылға дейін кестеде көрсетілген заттар көшпелілердің мəдени мұрасы мəселелері бойынша Қазақ ғылыми-зертеу институтында болды. Аталған институттың жабылуына байланысты, 2011 жылы олар «Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейіне сақтауға берілді. Қазіргі таңда музейдің экспозициялық залында табылған бөлшектері, мүйізшелері қайта құрастырылып, көрермен назарына ұсынылып келеді.

Баян ШАЙГӨЗОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мəдени жəне табиғи қорық-музейінің бас қор сақтаушысы.