Жолдау – жарқын күндер жоспары
Жолдауда ұстаздар жайындағы, әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі, алтын бесігіміз ауыл турасындағы ойларын өз басым тебіреніспен қабылдадым. Президент келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырды. Бұл көптен бері ел көкейінде жүрген мәселе еді.
Расында, бүгінде кезінде Мағжан Жұмабаев ақын айтқандай алты Алаштың басы қосылса төрде отыруы тиіс мұғалімнің төменшіктеп жүргені, қолжаулыққа айналғаны белгілі. Сондықтан бұл заң қабылданса, ұстаздар қауымының қоғамдағы рөлін нықтайтыны анық. Заңға қатысты білім саласы мамандары өз ұсыныстарын, ой-пікірлерін айта жатар деп ойлаймыз.
«Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді», деді Мемлекет басшысы. Қазақтың күретамыры, жаны – ауыл. Елімізде күннен-күнге көркейіп жатқан ауылдармен қатар кетеуі кетіп тұрған ауылдар да жоқ емес. Әсіресе қаладан шалғай шекаралық аймақтардағы ауылдардағы мектептердің жабылып, халық санының азайып жатқаны рас. Басқа-басқа, осы мемлекетпен шекараны нығайту кезек күттірмейтін мәселе. Осы ретте алдағы уақытта қолға алынатын «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында шекаралық аймақтардағы ауылдарға назар аударылса, арнайы бағдарлама қабылданса жөн болар еді деп ойлаймыз. Үкімет осы мәселені назарға алса дейміз.
Маржан АХАНОВА, мұғалім.