Жол. Құрылыс. Қысқа әзірлік. Үкіметтің назарында
Жезқазғанға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман СКЛЯР Ұлытау облысының орталығы мен тұтас өңірге маңызды деген нысандарды аралап, нақтылы тапсырмалар берді.
Аптаның басында аймағымызға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр жұмыс сапарымен келіп кетті. Қадірлі мейман өзінің жұмысын өңір тұрғындарының бас ауруына айналған Жезқазған-Қызылорда тасжолының жай-жапсарын білуден бастады.
Айтыла-айтыла жауыр болған жол бүгінгі таңда Үкіметтің тікелей назарында. Жылда «міне, жөнделеді» деген уəдеден əріге бармай жатқан жол құрылысына биыл «жан» біте ме деген елдің үміті де бар. Олай дейтініміз, аталмыш жолдың Ұлытау облысына тиесілі бөлігі бойынша тендерлік құжаттама жұмыстары қолға алыныпты ақыры.
Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы мен сала мамандары жолға қатысты басталған жұмыстардың жай-жапсарын барынша айтып, түсіндірді. Өз кезегінде Роман Скляр шешімін күткен мəселелер мен іске қолбайлау болар ықтимал жайттарды да тəптіштеп сұрады.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары аймақтағы «аты шулы» тағы бір жол – Жезқазған-Арқалық бағытындағы күрежолдың жайымен де танысты.
Бұл жақта қазір «сең» қозғалған сыңайлы. Былтырдан бері жолды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңір басшысы бұл тұрғыда 2026 жылға дейін Қостанай облысының шекарасына дейінгі жолдарға күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Роман Скляр бұдан соң «Үйтас-Айдос» су құбыры құрылысының барысымен танысты. Қазір мұнда «Bi Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 16,8 млрд теңгеге қайта жаңғырту жұмыстарын жасауда. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға қолға алынған шаралар 2024 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.
Жаңа облыстың құрылуымен Жезқазғанда түрлі салада құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Соның бірі – гидроцех. Мұнда да қызу жұмыстар жүріп жатыр. Оның ең басында – «Шаруашылық-ауызсу тазарту ғимараттарын қайта жаңарту» ісі тұр. Жалпы, еліміздің əр өңіріңде қазір таза су мəселесі өткір тұр. Суды сүзгілеудің ең озық əдістерінің бірі – оны мембраналық тазарту жүйесі болып табылады. Жаңғыртылып жатқан гидроцехтің негізгі міндеті де осы – суды тазарту. Осы мақсатта гидроцехта қойылғалы жатқан жаңа құрылғылар халық тұтынатын ауызсуды сапасы мен тазалығына тікелей қолайлы жəне заманауи қылмақ.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр сапар барысында сонымен қатар Жезқазған жылу электр орталығы мен өзге құрылыс нысандарына барды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.