«ЖОЛ КАРТАСЫ» – нақты нәтижелер кепілі
Сәрсенбі күні Ұлытау аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысы өтіп, партияның аудандық филиалы тарапынан әзірленген «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түзілген «Жол картасының» жобасы кең тұрғыда талқыға түсті.
Маңызды басқосуға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бағдат Байжантаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабеков, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жомарт Бегаев, сондай-ақ, әр салаға жауапты аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты. Аудан орталығынан сыртқары аумақтарда тұратын фракция мүшелері отырысқа онлайн режимде кірді.
Аталған «Жол картасында» ауданның экономикалық әлеуетін одан әрі арттырып, жанжақты дамытудың жеті басым бағыты бойынша алдағы 5 жылға жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында дәйекті негізде атқарылатын іс-шаралар кешені қамтылған.
Фракция отырысы барысында «Жол картасының» әр тарауы егжей-тегжейлі қарастырылып, ұсыныстар мен пікірлерге ерекше ден қойылды. Соның нәтижесінде, ортақ мүддені меже тұтқан оңтайлы шешім қабылданды. Жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылуына тікелей атсалысу және қапысыз орындалуын қамтамасыз ету үшін байыпты бақылау жасау мақсатында фракция мүшелерінің әр бағыт бойынша жауапкершілік міндеттері айқындалды.
«Nur Otan» партиясының аудандық филиалы өзінің сайлауалды бағдарламасында алға қойған жоспарларын талап деңгейінде орындап шығары күмәнсіз. Өйткені, тиянақты талқылаудан өтіп, қабылданған «Жол картасы» – нақты нәтижелер кепілі.
Елдегі жетекші партия былтырғы жылы қалың елдің басына індет қатері төнген кезеңде өзінің көшбасшылық қалпын әлеуетті әрекеттерімен айқын айғақтағаны белгілі. Нәтижесінде, экономикалық дамудың тұрақтылығы сақталды, тұрғындар жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіліп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің қалыпты арнадан ауытқымауына негіз қаланды.
«Nur Otan» партиясы бастамашы болып, зор сеніммен қолға алынатын мәселелердің барлығы – барынша өзекті, өмірдің өз талабынан туындайтын қажеттіліктер. Кез келген маңызды іске парасатты пайым тұрғысынан келетін партияның әр әрекеті – береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың өзегі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аталып өтетін жылы осындай сипаттағы іргелі шаралардың ширай түсері анық. Демек, жетістіктер көкжиегі әлі кең деп тұжырымдауға толыққанды негіз бар.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ