ЖОБАНЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Өткен аптада Жезқазған қаласында «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны» іске асыру аясында екінші деңгейлі банктер мен «Даму» КДҚ АҚ жəне «Атамекен» кəсіпкерлер палатасының қатысуымен брифинг-конференция ұйымдастырылды. Оған облыс кəсіпкерлері қатысты.
Жалпы, бұл брифинг Ұлытау облысының əкімі Берік Əбдіғалиұлының тапсырмасына орай жүзеге асырылды.
Негізгі мақсат – кəсіпкерлерге Ұлттық жобаға қатысу шарттарын түсіндіру.
Кəсіпкерлер назарына Ұлттық жобада қарастырылған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат ұсынылды. «Даму» КДҚ АҚ кепілдік беру департаментінің директоры А.Глушкова жиналғандарға мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарының тетігі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
«Еуразиялық банк» АҚ директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары М.Абдулин банктің кəсіпкерлерге арналған несие өнімдері, шағын бизнеске арналған арнайы несиелік бағдарламалар, шағын жəне орта бизнеске несие беру, несие шарттары туралы таныстырылымды ұсынды.
Іс-шара барысында кəсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Бұдан соң брифинг-конференция жұмысы жеке форматта жалғасты.
Шараға қатысушылар мұндай кездесулерді өткізу жемісті ынтымақтастықты одан əрі нығайту, кəсіпкерліктің қарқынды дамуы жəне жаңа облыста тың жобаларды іске асыру үшін маңызды екенін атап өтті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ