ЖИТС және қоғам
АИТВ және ЖИТС эпидемиясы – құрбандарының санымен қоғамға келтіретін залалына байланысты екі дүниежүзілік соғысқа теңестіруге келетін ХХ ғасырдың ең үлкен оқиғасы. Бірнеше ондаған жыл бұрын әлем емделмейтін жаңа ауру түрі – жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы туралы білді. Жылдар бойы онымен күресуге бұрын-соңды болмаған қаржылық және интеллектуалдық күш-жігер жұмсалды. Бірақ әлемдік қоғамдастық осы «соғыстың» күйзелісіне ұшырады.
Жұртшылық АИТВ-жұқпасын тасымалдаушылармен, тіпті, сөйлесуден сескеніп, олар қоғамнан шеттетілген адамдар болып есептеледі. АИТВ-жұқпасы бар адамдар мен қоғамда өзара қарым-қатынаста «стигматизация» термині қолданылып, кейбіреулерді басқалардан оқшаулап, олардан бас тарту жағдайы бар. Мұндай кемсітушіліктің алдын алу үшін АИТВ-жұқпасының не екенін, оның қалай берілетінін және қалай берілмейтінін білу өте маңызды. АИТВ-жұқпасы тек үш жолмен ғана беріледі:
Қан арқылы
-Есірткіні қантамыр арқылы салғанда (залалды ине, шприц және басқа-құрал саймандар, материалдарды ортақ пайдаланғанда).
-Татуировка, пирсинг, маникюр, педикюр жасату мен басқа шаралар кезінде (залалсыздандырылмаған ине, құралдар арқылы).
-Кездейсоқ жарақат алғанда қолданылған шприц инесінен дәрі егу кезінде.
Жыныстық жолмен
-Кездейсоқ жыныстық қатынас кезінде.
-Жыныстық серіктесті жиі ауыстырғанда.
-Жеке қорғану құралдарын пайдаланбай, жыныстық қатынасқа түскенде.
Тікелей
-Ауру анадан жүктілік кезінде, босанғанда және емізгенде жұғады.
АИТВ-жұқпасы тұрмыстық қатынас арқылы, жөтелу, түшкіру немесе сүйісу, ортақ дәретхана мен ваннаны пайдаланғанда берілмейді. Ортақ тағамдарды немесе АИТВ-жұқпасын жұқтырған адамдармен бірге тамақ және сусындарды пайдалану жұқтырудың себебі бола алмайды; вирус масаның және басқа да қан соратын жәндіктердің шағуы арқылы берілмейді.
АИТВ-жұқпасы адамның иммундық жүйесін зақымдайды. Вирус ағзаға енгеннен кейін, аурудың белгілері бірден байқалмай, бірнеше жыл бойы білінбеуі мүмкін. Бірақ бұл кезеңде АИТВ-жұқпасын жұқтырған адам ұзақ уақыт дені сау көрініп, өзінің вирусты жұқтырғанын білмей, басқа адамдарға вирусты жұқтырады. Иммунтапшылығы вирусын жұқтырған организм әртүрлі жұқпаларға төтеп бере алмайды, қауіпті аурулардан қорғансыз болады. Соның нәтижесінде АИТВ-жұқпасын жұқтырғандарда оның қоздырғыштары созылмалы ауруларды (қосалқы аурулар) тудырады. Аурудың ЖИТС сатысы бірнеше айдан бес жыл немес одан көп жылдан кейін науқастың өлімімен аяқталады.
Аурудың ерте кезеңдерінде ЖИТС белгілеріне созылмалы шаршау, іш өту, дене қызуының жоғарылауы, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, еске сақтау қабілетін жоғалту, дене салмағының азаюы, тұрақты жөтел, қайталанатын ауыр бөртпелер, ұшық және ауыз қуысының инфекциялары, лимфа түйіндерінің ұлғаюы жатады. ЖИТС іс жүзінде өлімге әкеледі. Адамның сыртқы келбетіне немесе көңіл күйіне қарап, АИТВ-жұқпасының бар екенін анықтауға болмайды. Денедегі АИТВ-жұқпасы туралы білудің тек бір жолы бар: ол АИТВ-жұқпасын анықтауға арналған сараптама тест жүргізу.
ЖИТС-ке қарсы түрлі вакциналар зерттеуден өтуде, бірақ, олардың ешқайсысының тиімділігі анықталған жоқ. Қазіргі уақытта аурудың дамуын баяулататын және
науқастың өмірін ұзартатын антиретровирустық препараттар бар.
Жұқпаның алдын алу жеке қорғану құралдарын, жеке гигиеналық құралдарды пайдалану түрінде вирусқа кедергі жасауды, теріге арналған залалсыздандырылған инелерді және құралдарды пайдалануды, есірткі қолданудан бас тартуды, жауапты, қауіпсіз жыныстық қатынасқа бейімділікті, серіктестердің өзара адалдығын сақтауды көздейді.
Сондай-ақ, АИТВ/ЖИТС мәселесі – медицинаның ғана емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік проблема.
ЖИТС жұқпасына қарсы күресу тек дәрігерлер мен ғалымдардың міндеті деп есептеледі. Алайда жастарды есірткі қолданудан және кездейсоқ жыныстық қатынастардан сақтандыру үшін бүкіл қоғамның күші қажет. Балалар мен жасөспірімдерге арналған демалыс ұйымдастырып, оларды есірткі қолданудан алшақтататын қолжетімді топтар, секциялар ашу керек.
Сіз өзіңіздің жыныстық серіктесіңіз бен болашақ балаларыңыздың денсаулығына жауапты екеніңізді есте ұстауыңыз керек.
Ләззат ҚОЗЫБАЕВА,
«Қарағанды облыстық ЖИТС-тың алдын алу
және күресу жөніндегі орталығы» КМК
Жезқазған бөлімі эпидемиолог-дәрігерінің көмекшісі.