Жиһанкез – этнографпен кездесті

Металлург күні мерекесінде Жезді кентіндегі бірегей музейде ресейлік жиһанкез-этнограф Константин КУКСИНМЕН кездесу өтті. Бұл кісінің есімі көшпенділер әлемінің тарихы мен мәдениетіне қызығушыларға кеңінен таныс. Ол – Мәскеу қаласының дәл орталығындағы «Көшпенділер мәдениеті» музейін ұйымдастырушы әрі директоры.

– Қазақстанның шалғайдағы бір түпкірінде дәл осындай музей бар деп ойлаған жоқпын. Жездідегі музейдің коллекциясы, құрылымы, ондағы интерактивті аймақтар мені таң қалдырды. Осындай орталықты ойластырып, ұйымдастырған Мәкен Төрегелдин ақсақалдың еңбегіне бас иемін. Менің музейімде көшпенділердің 30-дан астам баспанасының жаңғыртпасы бар. Әлемді шарладым десем болады. Бірақ бұған дейін ежелгі металлургия тарихын дәріптейтін және өте жоғары деңгейде сауатты көрсететін Сіздердің музей секілді орталықты көрген емеспін, – деді Константин Куксин.

Дәл сол күні музейдің ашық аспан астындағы экспозициялары аумағында «KazahTV» телеарнасы «Кең дала» телевизиялық бағдарламасының кезекті сериясы түсірілді.

Музей қызметкерлері көшпенділер мәдениетін зерттеуші этнограф К.Куксинмен өзара тәжірибе алмасты. Оның барысында болашақта мәскеулік музейтанушымен бірлесіп, қажетті әрі тартымды жобалар ұйымдастырудың мүмкіндіктері әңгіме өзегі болды.

Өз тілшімізден.