Жиһанкез қария алыс сапарға аттанды
31 наурызда Қазақстанның барлық аймағын жаяу аралап шығуды мақсат еткен 72 жастағы ұлытаулық ақсақал Сәрсенбай ҚОТЫРАШОВ Ұлт бесігінен алыс сапарға аттанды.
Әз-Наурыз мейрамы аясындағы бұқаралық шара барысында Сәрсенбай Оспанұлы аудан әкімі Советбек Медебаев Ұлытау жұртшылығымен жүздесіп, өзінің Қазақстанның барлық аймағын жаяу жүріп өтетінін, ал сапарын осынау қасиетті өңірден бастағалы отырғанын мәлімдеді.
– Ұлытаудан шығып, Жезқазған – Қызылорда – Шымкент – Түркістан – Тараз – Алматы – Талдықорған – Өскемен – Семей – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Павлодар – Петропавл – Көкшетау – Қостанай – Ақтөбе – Орал – Атырау арқылы өтіп, соңғы межені Ақтау қаласы деп жоспарлап отырмын. Алла сәтін салса, сапарды қараша айында аяқтамақпын, – деді Сәрсенбай ақсақал халықпен жүздесу кезінде.
Тәуекелі мол іске қадам басқалы тұрған ақсақалға Ұлытау жұртшылығы үлкен қолдау білдірді.
Кездесуде Ұлытау ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенғали Әбжамалов ақ батасын беріп, ұлытаулықтар атынан арнайы дала киімі мен жолсөмке тарту етті.
Орайы келгенде айта кетейік, Сәрсенбай Қотырашов өзінің осы сапары арқылы елге Ұлт ұясы – Ұлытауды таныстырып, оның тарихи, табиғи ерекшеліктерін насихаттамақ. Сол арқылы Ұлытау туризмінің дамуына өзінің үлесін қосу – басты мақсаты.
Сапар «Ұлытауға бардың ба…» деген атаумен өтеді.
P.S. Сегіз жарым мыңға жуық шақырым қашықтықты жаяу жүріп өтуге аттанған жиһанкез алғашқы он үш күнде Ұлытау-Қызылорда аралығындағы 560 шақырым жолды жүріп өтпек. Күніне кемі 40 шақырымды еңсеруді межелеген ол алғашқы екі айда 2 500 шақырымды бағындырмақ. Оның әр аптадағы жүріп өткен жерлері мен сапарының барысы жайлы газет бетінде тұрақты түрде ақпарат беріліп тұратын болады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ