Жезді кентіндегі кездесу өзекті мәселелерді көтерді

Халықпен ашық диалог – жергілікті басқару жүйесінің басты қағидаттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ел аумағында билік пен бұқара арасындағы байланысты нығайту мақсатында түрлі кездесулер ұйымдастырылып келеді. Осындай жүздесудің бірі Жезді кентінде өтті.

Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков әуелі жергілікті тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар өздерінің көкейлерінде жүрген мәселелерін ашық айтып, нақты шешімдер күтетіндерін білдірді.

ТҰРҒЫНДАР КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР

Кездесу барысында тұрғындар тарапынан бірнеше маңызды ұсыныстар мен шағымдар айтылды:
Айжан Жұбанышева, Сергей Живов,
Тоқтыбаев және Құттыбаев көшелеріндегі электр жарығының жиі өшуі жайында айтып, бұл мәселені шұғыл шешуді сұрады.
Бектұр Садуакасов кентте банкоматтың жоқтығын атап өтіп, тұрғындардың қаржылық қызметтерге қолжетімділігін
арттыру үшін банкомат орнатуды ұсынды.
Азат Төлебаева балаларға арналған
ескі ойын алаңдарын жаңартып, заман талабына сай жаңа алаң салу қажеттігін көтерді.
Ақерке Садуакасова мен Алтын Мартқамалова Алматы қаласында өтетін ұлттық фестивальге қатысу үшін қаржылай қолдау сұрады.

ЖАУАПСЫЗ МӘСЕЛЕ ҚАЛМАЙДЫ

Аудан әкімі әрбір сұраққа жеке тоқталып, шешу жолдарын нақтылап берді. Электр желілеріне қатысты мәселе бойынша шілде айында Қожабай ақын, Сәтбаев және Абай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетіні айтылды. Банкомат орнату мәселесі заң аясында қаралып, Халық банкінің тиісті филиалына ресми сұраныс жолданатын болды. Балалар ойын алаңын жаңарту ұсынысы қолдау тауып, қажетті жобалық-сметалық құжаттар әзірленеді. Фестивальге қатысушыларға демеушілер есебінен 250 000 теңге көлемінде қаржылай көмек берілетіні қуанышпен хабарланды.

ҚҰРЫЛЫС — БАҚЫЛАУДА

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Жезді кентінде бой көтеріп жатқан екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Құрылыстың сапасы мен мерзімі аудан әкімінің жеке бақылауында болатыны айтылды. Бұл – тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін үлкен үміт.
Жезді кентіндегі бұл кездесу – билік
пен халық арасындағы сенімді арттырудың жарқын көрінісі. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты шешім қабылдау – бүгінгі әкімдік жұмысының басты міндеті. Аудан әкімі жүктеген тапсырмалар өз мерзімінде орындалып, Жезді тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз септігін тигізетініне халықтың сенімі мол.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.