ЖЕЗДІ КЕНТІНДЕ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезді кентінде баспанасын су басқан азаматтармен кездесіп, шығынға ұшыраған отбасылар уақытша орындарға көшірілетінін, төтенше жағдай аясында барлық көмек көрсетілетінін жеткізді.

«Зардап шеккен отбасылар түгел қауіпсіз жерге көшірілсін. Мәселені түске дейін шешуді тапсырамын. Мердігер анықталып, сараптама жасалған соң барлық шығын өтеледі» – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органнан 15, Төтенше жағдайлар департаментінен 50-ге жуық, Полиция департаментінен 30-дан астам қызметкер, жалпы саны 13 техника мен 3 сорғы жұмыс істеуде.

Еске салсақ, 28 наурызға қараған түні Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде 10-ға жуық үйді су басқан. Ізінше сол үйдің тұрғындары және жақын аумақтағы баспаналар, бас аяғы 26 отбасы эвакуацияланды. Қазіргі уақытта кенттің жатақханасына орналастыру жұмыстары жүргізілуде.