Жезді кенішінің 80 жылдық думаны Ұлытау-Жезқазған өңірін дүбірге бөледі

Жағымды жаңалық Қазақта «Тойың тойға ұлассын» деген тамаша сөз бар. Ұлытау-Жезқазған жұртшылығы үшін биылғы жыл сол тойы тойға ұласқан жыл болды. Сонау сəуірде Сарысу жағасынан басталған дүбірлі думан аймағымзды айналып кеше Жездіге жетті. Мұндағы қалың ел қазақ маргенецінің қара шаңырағы деп айтуға лайықты болған Жезді кенішінде алғашқы кеннің алынғанына 80 жыл толған торқалы тойды дүбірлетіп атап өтті.

Ескерткіш белгі қойылды

«Қазақ маргенецінің қарашаңырағы» деп әспеттеуімізге негіз жоқ емес. Кешегі ел басына күн туған заманда неміс басқыншылары Украинадағы маргенец кен орнын басып алғанда Қаныштай дара тұлғаның ықпалымен осы Жезді маргенец кеніші ашылғаны тарихтан мәлім.

Кеніш не бары 38 күнде ғана ашылып, алғашқы кенін берді. Бұл –1942 жыл болатын. Осы Жезді маргенецінің арқасында соғыстын бронды техникалары көптеп шығарылып, жаудың бетін қайтарды. Ендеше Жезді кенішін қазақ маргенецінің қарашаңырағы деп атау әбден орынды.

Міне, биыл осы кеніште алғаш кен алынғанына – 80 жыл толып отыр. Бұл айтулы мерекені күллі қазақ елі болып атап өтсе де артықтық етпес еді. Алайда…

«Ауылына қарап азаматын таны», дейді атам қазақ. Жездіде өткен кешегі думанды той өңір азаматтарының шын келбетін ашып берді. Жалпы, қазақ деген елдің жұмылса жұдырықтай болып, тауды да қопарып тастайтынын тағы көрсетті. Ауыл азаматтарының бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы нәтижесінде ел аңыз етіп айтып жүретін шаралар атқарылды. Қазір мен соны шамам жеткенше тарқатып айтып көрейін.

Бұл қазақтан сөз артылған ба?! «Той атымен тон тігіледі» дегенді айтқан да осы қазақ. Соның айғағын кеше көзіміз көрді. Жездінің тойын ел айтып жүретіндей етіп өткізіміз деп жұмылған жандардың тынымсыз да тыңғылықті істерінің арқасында кентте көптен бері қордаланып жүрген мәселелер шешімін тапты. Кенттің сәулеті кіріп, көше бойлары бір жаңғырды, жолдар түзеліп, қоршаулар сыланды. Бір кездері осы жұмыстарға қазынадан қаржы таппай қиналып жүрген жергілікті билік ел біріксе үлкен іс атқаруға болатынын көрді.

Тойға арналған тартудың бірі де бірегейі – алғашқы кеншілерге арналып қойылған ескерткіш-белгі болды. Сол жылдары шахталар шоғыры орналасқан аймақтағы шағын төбенің басына қойылған, үстіне маргенец кені тиелген кішкентай вагонетка көп сырды аңғартқандай. Ескерткіш ауыл азаматтарының өз қиялдарынан туған дүние. Оған алыстан сәулетші де іздеп әуре болған жоқ. Бәрін өздері ойлап, материалдарды өздарі іздеп, тауып, көрнекті жерге, елге көрінетіндей етіп орнатты. Оның ашылуына жезділіктер тайлы тұяғы қалмай барып қатысып, қошемет көрсетті.

Жалғыз бұл емес, тойға тарту ретінде кент орталығында автокөлік жуатын арнайы бекет те ашылды. «Ақтасты бұлақ» маңайы да абаттандырылып, кенттегі көптеген ескерткіштер, көшелер қалыпқа келтірілді.

Той сән салтанатымен өтті

Ұлытау-Жезқазған өңірін дүбірге бөлеген Жезді кенішінің 80 жылдық думанды тойы «Той төбеде» өтті. Талай рет торқалы тойлардың куәсі болып, кешегі оңтайландыру жылдарында «оңашада» қалған аймақ бұл жолы бір сілкінді, дүр сілкінді…

Кіреберіс қақпасының өзі кешегі хандар ордасының қарауыл төбесіндей етіп жасылынған «Той төбе» бұл күні керемет күйде еді. Қаз-қатар тігілген алпысқа жуық ақшаңқан кигіз үйлер сонадайдан көзге де, көңілге де қуаныш ұялатады. Бүгінгінің кермесіндей болған көлік тұрағында қазіргінің не бір сәйгүліктері – темір тұлпарлар тұр қаңтарулы. Ақшаңқан ауылдың сыртында сауда-саттығын қыздырған кәсіпкерлер жүр елді шақырып. Сахна маңындағы күмбірлеген күй әуені көңілді қытықтайды. Ат шабатын алаңда жүйректерінің терін алып шабандоздар жүр, қылқұйрықтарын көлбетіп. Кигіз үйлер маңында қара қазандар қайнап, ак самарурынна шуда түтін есіліп жатыр. Бәрі тамаша, бәрі бүгінгі тойдың хабаршысы сияқты.

Әне, міне дегенше тойдың салтанатты ашылуы да басталды. Сахна төріна Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бастағына қадірлі меймандар көтерілді. Қатарында қанаттас жатқан кеншілер қаласының әкімі Асқар Ыдырысов, Ұлытау ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Оспанов бар.

Той салтанатының шымылдығын өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы ашты. Жұртшылықты бүгінгі мерейтоймен құттықтаған аймақ басшысы тарихқа да зер салып, бүгінгі тойдың астарын да айқындап өтті.

– «Бірлық бар жерде тірлік бар», дейді дана қазақ. Бүгін соған тағы көз жеткізіп тұрмыз. Жезді кенішінің мерейтойын жезділіктер өкіметтен де жергілікті биліктен де де бір тиын ақша алмай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару арқылы осындай дүбірлі мерекеге айналдырды. Осы бірлігіміз, ынтымағымыз арта берсін бәріміз бірлесіп жаңа – Ұлытау обылысын да түлетіп, аяғынан нын тұрғызайық, – деп түйіндеді сөзін өңір басшысы.

Салтанатта облыстық мәслихат депутаты Ерболат Сатыбалдин, аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Оспанов, ардагер геолог Болат Жүгінісов, «Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу ұйымдары және Мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шаяхмет Үмбетов, кент азаматы, ұйымдастыру алқасының мүшесі Мұхаммеджан Мырзабеков жылы лебіздерін білдіріп, марапаттау рәсімін жасады.

Бұдан кейін «Харекет» қайырымдылық қоры кент тұрғыны Байдәулет Әбдірахмановқа кент орталығынан баспана кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Той қызығы одан әрі ұлттық спорттық ойындармен жалғасты. Бір жерде «Мен» деген жігіттер қошқар көтеріп күш сынасса, енді бір жерде әр өңірден келген командалар арқан тартысып жатты. Қалы кілемнің шаңын қаққан балуандар белдесуі де өз жанкүйерлерінің делебесін қоздырды.

Осылардың ортасында сары қымызды сапыра ішіп, бір табақ етті бір демде жейтін мешкейлер де жарысып жатты.

Сарша тамыздың сары қымызын талғамай ішемін деп шыққан талай жігіт екі сапар кеседен əріге бара алмады. Бір кереметі, солардың арасында қазақтың бұрымды бойжеткені де болды. Жезділік Айда Садықова ер азаматтардан қалыспай, төрт кесе қымыз ішіп үшінші орынды иемденді. Ал бірінші орынды ұлытаулық Алмас Бимағамбетов (6 литр), екінші орынды Сəтбаев қаласынан келген Сапарбек Досан (5 литр) иемденді.

Ал, алдына табақ толы қойдың етін өңгерген өңкей мешкейлер белгіленген уақытта табақтарын босатып, орнынан тұрды. Рас, арасында мерзімінен бұрын ойыннан шыққандары да болды. Ал мешкейлер жарысында сарысулық азамат Нұрбол Жапардың бəсі өзгелерден жоғары болды. Бəкене бойлы, талдырмаш жігіт алғаш шыққанда ел оның жарыстың соңына дейін жетеріне күмəнмен қараған еді. Бірақ, Нұрбол бəрін таң қалдырды. Бір табақ етті жеп, сүйектерін мүжіп берді. Орайы келгенде айта кетейік, əр табаққа екі жілік бастаған, малдың əр мүшесі салынған ет тартылған болатын.

Бұл жарыста Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылынан келген мешкей жігіт – Досбол Сайлаубаев екінші орынды, Алматыдан келген қонақ жігіт – Ардақ Шекербаев үшінші орынды жеңіп алды. Мешкейлер байқауына барлығы алты үміткер қатысты.

МЫҚТЫЛАР МƏШИНЕ мен МОТОЦИКЛ МІНДІ

Жалпы, бұл күні ұлттық спорт ойындарына кеңінен орын берілді. Делебені қоздырған тай жарысы, құнан бəйге, аламанның дүбірі алыстан естіліп жатты. Қиқулаған жұртшылық жүйріктерге дем беріп, шабандоздарды шабыттандыра түсті. Түйе балуандар белдесуінде боз кілемде бақ сынасқан мықтылар бəйгеден құр қалмауға күштерін салды. Қысқасы қай дода болмасын тартысқа толы болды.

Нəтижесінде – арқан тартыстан «Құмкешу» командасы (Қостанай облысы) ІІІ орынды, «ЖМЗ» командасы (Жезқазған) ІІ орынды, «Қызылжар» командасы (Қарағанды облысы) І орынды иемденді.

Түйе балуанда – ІІІ орын Олжас Исахановқа (Курминка) 250 мың теңге, ІІ орын Жылкелді Құдайбергеновке (Жезді) 500 мың теңге, І орын Марғұлан Алпысбайға (Жезді) 1 млн. теңге табыс етілді.

Тай жарыста – V орын «Қозы күрең» шабандозы — Ерсайын (Ақтүбек), ІV орын «Ақмоншақ» шабандозы – Жарас (Жезді), ІІІ орын «Алтынай» шабандозы – Əлихан (Жаңаарқа), ІІ орын «Аякөз» шабандозы – Төрехан (Жəйрем) І орын «Қуаныш» шабандозы – Нұрислам (Жаңаарқа) алса, Құнан жарыстан V орын «Сарбаз» шабандозы – Ермек (Қарағанды), ІV «Ақтүйме» шабантозы – Сапок (Борсеңгір) , ІІІ орын «Қасқалдақ» шабандозы – Асхат (Қаракеңгір), ІІ орын «Қазына» шабандозы – Жарас (Шет), І орын «Гакку» шабандозы – Сырым (Жаңаарқа) алды.

Аламан бəйгеде V орын «Алтынқара» шабандозы – Нұрислам (Түгіскен), ІV орын «Айшолпан» шабандозы – Əлихан (Қарағанды), ІІІ орын «Мисселвер» шабандозы – Құрмаш (Қарағанды), ІІ орын «Бақторы» шабантозы – Абзал (Алматы), І орын «Əлия» шабандозы – Əлинұр (Алматы) сынды жүйріктерге берілді.

Сонымен қатар, аударыспақ, қошқар көтеру, сайыстарында да мықтылары марапатталды.

Айта кету керек, аламан бəйге жеңімпазына «шевролет нексия» автокөлігінің кілті табысталды. Ал, құнан бəйге жеңімпазына мотоцикл берілді. Басқа да орындарға ие болған жүлдегерлерге қаржылай сертификаттар мен дипломдар тапсырылды.

Той думаны түскі ас кезінде де толастаған жоқ. Алпысқа жуық ақшаңқан үйлерде мерекелік дастархан жайылып, тойға келген қонақтарға табақ-табақ ет тартылып, қымыз құйылды. Əр үйде əуелете əн шырқалып, күмбірлеген күй ойналды.

Мерекелік концерттік бағдарлама түстен кейін сахнада жалғасты. Дəстүрлі əн мен эстрада əндерін қатар шырқап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жүрген қызықтың жезтаңдай əншісі Наркенже көрермендерге тамаша көңіл күй сыйлады. Қазақтың «Сары тентегі» атанып кеткен Қуаныш Мақсұтов та тойға арнайы келіп əн-жырдан шашу шашты. Ол бұл жолы тыңнан түрен салып, өзінің шансондарын орындады.

Қазақ айтысының жас талаптары, елге енді-енді танылып келе жатқан жас өрен, суырып салма ақындар – алматылық Айым Асылбекқызы мен сəтбаевтық бозбала Абзал Мақаш сахнада тамаша қыз бен жігіт айтысын жасап, айтыс сүйер қауымның айызын қандырды.

Концерттік бағдарлама қазақстан эстрадасы жұлдыздарының шоуына ұласып, той отшашумен аяқталды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ