Жезқазғандықтар Наурыз мейрамын тойлады

Жезқазған қаласында Наурыз мейрамына арналған салтанатты шаралар өтті. Қаланың орталық көшелерінде басталған Наурыз тойының басты салтанаты «Алаш» алаңында ұйымдастырылды. Аймақ тұрғындары мен қала қонақтарын Ұлыстың ұлы күнімен облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
 Жерлестеріне бейбітшілік, бақыт және отбасылық амандық тілеген облыс әкімі Ұлытау облысында жақын арада абаттандыру, қайта құру және құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ, облыс тұрғындарын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Советбек Медебаев құттықтады.
Наурыз мейрамының құрметіне Алашахан даңғылында дәстүрлі тағамдары бар киіз үйлер орнатылды. Сонымен қатар, Жезқазған қаласының тұрғындары мен қонақтарына жергілікті таланттардың қатысуымен мерекелік концерт, наурыз көже фестивалі, «Палау Party», «Бауырсақ шоу», ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар және басқа да мерекелік іс-шаралар ұсынылды.