Жезқазғанда гвардияшы-жауынгер ескерткіші қалпына келтірілді
Жезқазғанда қалпына келтірілгеннен кейін жауынгер-гвардияшыға арналған ескерткіш ашылды. Қаладағы ең ескі ескерткіштердің бірі Пушкин көшесіндегі қалалық алаңның көркіне айналды.
Ескерткіш 1956 жылы орнатылды. Оның авторлары – суретшілер Л. Пак пен Н. Андреев және сәулетші К. Тұрлыбаев. Ескерткішті күрделі қалпына келтіру қажет болды, себебі ауа-райының қолайсыздығына байланысты оның әбден тозығы жеткен.
Мүсіндік композиция гипс пен бетонның көмегімен қалпына келтіріліп, қазақ және орыс тілдерінде «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген естелік жазба жаңартылды. Ескерткіштің тұғыры гранит пен мәрмәрдан жасалған.
Сонымен қатар, ескерткішке іргелес аумақ абаттандырылды. Алаң да гранит пен мәрмәрмен қапталды, ал мүсіндік композицияның екі жағында жарықтандырылған құрғақ субұрқақтар салынды. Гүлзардың өзінде қоқыс жәшіктері мен орындықтар ауыстырылды, гүл құмыралары жөнделді, көше шамдары қалпына келтірілді.
– Әр қаланың сәулеттік келбеті оның мәдени деңгейін көрсетеді, сонымен қатар оның тарихы туралы баяндайды. Біздің қаламыздың осындай тарихи маңызды нысандарының бірі – халық арасында «белгісіз солдат» деп аталған гвардияшы-жауынгерге арналған ескерткіш. Ескерткіш Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс алаңында хабар-ошарсыз кеткен жезқазғандық жауынгерлерге арналған, – деді Жезқазған әкімі Қайрат Әбсаттаров. – Бұл бүгінгі бейбіт өмір үшін сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангер-батырларға құрмет, олардың ерліктеріне тағзым. Соғыс пен батырлықты есте сақтау бүкіл адамзатқа қатыгездікке қарсы тұру үшін қажет.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қала әкімшілігінің, ардагерлер кеңесінің өкілдері, Жезқазған қаласының тұрғындары қатысты.
– Майдан мен тыл ардагерлері аз қалды, және біз қаламыздың қаза тапқан батырлары – отандастарымызды еске алу дәстүрі сақталғанына қуаныштымыз. Біз қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішті жаңартуға қатысқандардың барлығына шын жүректен ризамыз. Арамызда сарбаздардың ерліктеріне бей-жай қарамайтын адамдардың көп болуы маңызды, – деп атап өтті қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазамбаев.