Жезқазғанда ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік станциясын ашу жоспарлануда
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының Басқарма Төрағасы Дархан Балпановпен кездесті.
Кеңеске қатысушылар ғылым мен ауыл шаруашылығын стратегиялық дамыту мәселелерін талқылады.
Өңір басшысы агроөнеркәсіптік кешен Ұлытау облысының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан бұл саланың дамуы облысты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарында да көрініс тапқан.
Жезқазғанда ауыл шаруашылығы ғылыми-тәжірибелік станциясының филиалын ашу — басым бағыттардың қатарында. Бұл АӨК-нің одан әрі дамуына серпін береді. Нарық пен өнімге қажеттілік бар. Өз кезегінде, аграрлық ғылыми-білім беру орталығының мамандары қажетті көмек көрсететінін атап өтті.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ – бұл ғылыми-білім беру орталығы, Қазақстанның аграрлық саласының ғылыми-білім беру мекемелерінің мемлекетпен және бизнеспен тұрақты өзара іс-қимылының бірыңғай операторы. Оның 3 аграрлық жоғары оқу орны, 12 ғылыми-зерттеу институты, 2 ғылыми-өндірістік орталығы, 18 ауылшаруашылық тәжірибе станциясы және 3 сервистік компаниясы бар. Орталықтың жүйесінде барлығы 9 261 қызметкер жұмыс істейді, олардың 2 240-қа жуығы ғалым.