Жезқазған халқын ауыз сумен қамту Үкіметтің ерекше бақылауында
Жезқазған қаласы халқын сапалы ауыз сумен қамту мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында тұр. Бұл жайында Мәжіліс депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Жезқазған қаласына облыс орталығы мәртебесі берілгенін ескерсек, сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесін шешу бірінші кезектегі міндет болып саналады. Биыл Сәтбаев қаласын және ішінара Жезқазған қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Есқұла су құбырының құрылысын аяқтау жоспарлануда. Мәселені толық шешу үшін Қожамсейіт кен орнын ескеріп, Үйтас-Айдос су тартқышын реконструкциялау жолымен жерасты сумен жабдықтау көздеріне көшу жоспарлануда. Осыған байланысты «Қазақмыс» корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су тартқышты кешенді реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуде», — деді Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, жоба 4 кезең бойынша жүзеге асырылады. Бірінші, Жезқазған қаласының шаруашылық ауыз су тазарту қондырғысына дейін сутартқыш салынып, Үйтас-Айдос тоғанының II көтергішінің сорғы станциясы реконструкцияланады. Екінші, жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды реконструкциялау, Айдос кен орнының жұмыс істемейтін ұңғымалары мен құрама коллекторларын қайта бұрғылау жүргізіледі. Үшінші, жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды реконструкциялау, Үйтас кен орнының жұмыс істемейтін ұңғымалары мен құрама коллекторларын қайта бұрғылау қолға алында. Төртінші, Қожамсейіт кен орнының сутартқышы салынады.
«Осы мақсаттар үшін Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында республикалық бюджеттен жалпы сомасы 46,8 млрд теңгені (2023 жылға – 12,4 млрд теңге, 2024 жылға – 17,4 млрд теңге, 2025 жылға – 11,0 млрд теңге, 2026 жылға – 6,0 млрд теңге) құрайтын шығыстар көзделген. Реконструкциялаудың бірінші кезеңі бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Ол бүгінгі күні республикалық меншікке берілді. Жалпы Жезқазған қаласының халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғанын атап өтемін», — деді Әлихан Смайылов.