Жезқазған қаласындағы «Дельфин» бассейні жақын арада мемлекет меншігіне қайтарылады
Бұл жайында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы аппарат жиынында айтты.
Еске сала кетейік, «Дельфин» бассейні он жылға жуық уақыт бұрын жекенің қолына өткен, ал соңғы бес жылда мүлде қолданыстан шығып қалды. Өңір басшысының айтуынша, биыл конкурстық жұмыстарын өткізіп, қайта балансқа алынса, нысан күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне жұмыс істемек.
Аппарат жиынында баяндама жасаған денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Муталиповтың айтуынша келесі жылы облыста 7 спорттық нысан қолданысқа берілуі тиіс. Алайда Ұлытау селосындағы жүзу бассейнінің сметалық құжаттары биыл дайындалып, нысан 2025 жылы берілуі мүмкін. Жезді кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің қайта келісімшартқа отыру жұмыстары аяқталса ғана 2024 жылы тапсырылады.
Құрылысы 2022 жылы басталған Жаңаарқа ауданындағы денешынықтыру және сауықтыру кешені келер жылы беріледі деп күтілуде. Жезқазған қаласындағы 320 орындық көпфункционалды спорт кешенін салу үшін жерді рәсімдеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.
Қазіргі уақытта Жезқазған қаласында салынуы тиіс хоккей кортының жерін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сәтбаев қаласында бой көтеруі тиіс спорттық мектеп-интернатының құрылысы Үкімет тарапынан мақұлдау болса, қолға алынбақ.
Жиында белгілі болғандай, биыл жарты жылдың ішінде Ұлытау облысының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 85 медаль қанжығалаған. Оның 24-і алтын, 33-і күміс, 28-і қола.
Осы орайда, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының атынан әлем, Азия, республикалық чемпионат, кубоктарда бақ сынап жүрген спортшыларға қолдауды барынша күшейтуді тапсырды.