Жерлестер үмітті ақтады

Жуырда Жезқазған қаласында 2005-2006 жылы туған жастар мен ересектер арасында бокстан облыстық чемпионат өтті. Үш күнге созылған бəсекеде облыстың түкпір-түкпірінен келген 80 боксшы 13 салмақ дəрежесінде қолғап түйістірді.

Жарысқа Ұлытау бокс федерациясы бекіткен төрешілер төрелік етті. Бұл додаға біздің ауданнан Қарсақбай, Ұлытау спортшылары да қатысып, олжалы оралды. Нəтижесінде ересектер арасындағы 57, 60 келі салмақта үшінші орынды қарсақбайлық Досым Қордан мен Қанат Ыбырай иеленді. Екінші орын биігінен 75 келі салмақта қарсақбайлық Болат Əжіхан көрінді. Ал, бірінші орын тұғырына 48 келі салмақта қарсақбайлық Бақытжан Ертай көтеріліп, облыс чемпионы атанды.

Келесі кезекте жастар арасындағы 80 келі салмақта үшінші орын ұлытаулық Нұрасыл Серікке бұйырды. 57, 63, 75 келі салмақта қарсақбайлық өрендер Рауан Шаяхмет, Қадыр Сейітназар, Нүриден Мырзабай екінші орынды қанағат тұтты. Бұдан кейін 92 келіден жоғары салмақта жұдырықтасқан ұлытаулық Нұржан Қаныш шаршы алаңның шаңын шығарды. Ол қарсыластарын қоғадай жапырып, жарыс қорытындысында облыс чемпионы атағын жеңіп алды.

Байрақты бəсекеде жүлдемен оралған спортшылардың жаттықтырушылары Серік Мəшіріп пен Мəди Қоранов екенін де айта кету лəзім. Қалай десекте, шəкірттері бапкерлердің сенімінен шықты. Енді сəтін салса, ақпан айының соңында Ақтөбе қаласында өтетін халықаралық жарысқа бармақшы. Дүбірлі бəсекеде облыс намысын қорғайтын ұлытаулық өрендерге ақжол тіледік.