Жемқорлық — жаһандық індет
Сыбайлас жемқорлық – заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Басқа дамушы елдер сияқты, бұл кесел біздің мемлекетімізді де айналып өткен жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күні күрделі мәселесі туралы болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық нәрсе.
Сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі — ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және Заңдарын сақтауға, басқа да адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір – қасиетін құрметтеуге міндетті.Адамдардың сыбайлас жемқорлыққа көзқарасын түбегейлі өзгерту маңызды, қоғам үшін күрделі және қауіпті проблеманы шешуден ешкім тыс қалмауы тиіс. Өйткені оған елдің болашағы ғана емес, әрқайсымыздың тағдырымыз да байланысты.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады. Бұл кеселмен күресу үшін Қазақстандағы халықтың ерік-жігері, сондай-ақ еліміздегі әр азаматтың түбегейлі ой ұстанымы қажет.
ҚР АШМ АӨК МИК Ұлытау аудандық аумақтық инспекциясы.