Жемқорлықсыз құрылыс – сапалы құрылыс және сәулетті елді мекендер
Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тек зиянын тигізіп қоймай, сонымен бірге оң нәтижеге жеткізбейтінін естен шығармауымыз қажет. Бір қорқыныштысы — сыбайлас жемқорлықпен айналысу сол тұлға мен оның жақындарының сана-сезіміне залал келтіріп, дүниетанымдарын бұзады.
Жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ішінде білім беру саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларымен қатар, құрылыс саласы да орын алуда. Уәкілетті органдар тарапынан жүргізілген құрылыс саласындағы құқықтық тәжірибені бұзуды талдау нәтижесі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері өнім берушіні конкурстық таңдауда, мердігер қызметін мемлекеттік сатып алу кезінде, жобалау-сметалық құжаттамаларды дайындау барысында құрылыстың құнын негізсіз жоғарылату деректері анықталған. Жобалау және құрылыс салу сатысындағы олқылықтардың салдарынан, құрылыс материалдарына бөлінген қаражаттарды мердігерлердің жеке мүдделеріне, нысанның құрылысына қатысы жоқ басқа мақсаттарға бағыттау салдарынан, құрылыстың құнын үнемдеу арқылы құрылыс нысанының сапасына кері әсер ететін жағдайлар көптеп кездесетіндігі анықталған.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мақсатында, «Ұлытау ауданының құрылыс бөлімі» ММ мемлекеттік қызметкерлері тарапынан мердігерлерге Ұлытау ауданындағы құрылыс алаңдарында сыбайлас жемқорлық белгілері болған жағдайда заңнамаға сәйкес жауапқа тартылатындығы ескертіліп, бөлімнің сенім телефонына немесе бөлім басшылығына тез арада хабарлауы жайлы тапсырмалар тұрақты беріледі.
Бөлім тарапынан 2014-2017 жылдар аралығында Ұлытау ауданында құрылысы жүргізілген нысандардың құрылысы, оларды пайдалануға қабылдау кезінде уәкілетті тұлғалардың тарапынан тұрақты қадағалау мен бақылаулардың, жауапкершіліктің болмауы салдарынан құқық бұзушылықтарға орын берілген. Құрылыс нысандарының белгіленген шарттық мерзімде аяқталмай қалу, пайдалануға берген уақыттан кейінгі кезеңде құрылыстық ақаулардың орын алу деректері кездесуіне байланысты, Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «АзизСтрой Сервиз» ЖШС, «АРД-Строй» ЖШС, «Нанака» ЖШС, «Тілек*2030» ЖСШ-не қатысты талап-арыздар енгізіліп, 2017 жылдан бастап сот-процессуалдық жұмыстары өткізілуде.
Мәселен, аудандағы құрылыс саласындағы құқық бұзушылықтардың салдарын қарастыру барысында, Экономикалық соттың 2018 жылғы 5 мамырдағы №3514-18-00-2/1506 шешімі бойынша «АзизСтройСервис» ЖШСнің құқықтық мирасқоры «АРД-Строй» ЖШС-нен 113 746,4 мың теңге өндіру, оның ішінде Бетбұлақ ауылындағы 80 орындық мектеп бойынша 35 671,6 мың теңге, «Қарағанды облысы Ұлытау ауданы Ұлытау селосының ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» және Тайжан көріктендіру және көшесіндегі 1 пәтерлі 3 бөлмелі 10 коммуналды тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының тартылатын тораптарының құрылысы» бойынша 78 074,7 мың теңге өндіру жөнінде сот шешімі қабылданды.
Сонымен қатар, Ұлытау селосының ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы көшесіндегі 1 пәтерлі 3 бөлмелі 10 коммуналды тұрғын үйлер құрылысының мердігер кәсіпорыны «Тілек-2030» ЖСШ-нің шарттық міндеттемелерін орындамағаны үшін, Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған экономикалық сотына әр күн кешіктіруге тұрақсыздық айыппұлын өндіруге қатысты 2018 жылғы 9 қаңтарда № 4 талап-арыз енгізілген. Сот органында аталған талап-арызды қарастыру нәтижесінде, 2018 жылғы 14 ақпандағы №3514-18-00-2/366 шешімімен «Тілек-2030» ЖСШ-нен жергілікті бюджеттің кірісіне 1 760,2 мың теңге тұрақсыздық айыппұлын және 52,8 мың теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім қабылданды.
Қазіргі замандағы әлемде сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейту жұмысы үздіксіз жүргізілуде және әрдайым жетілдірілу үстінде. Әрбір мемлекет қолданатын сыбайлас жемқорлықпен күресу әдістерінің жиынтығы өзгеше, ол елдің саяси және экономикалық тұрақтылығына ғана емес, сонымен қатар әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлеріне, діни ерекшелігі мен құқықтық мәдениет деңгейіне және аумағы бойынша алатын жеріне, халқының саны мен орналасу тығыздығына да байланысты болып келеді.
Бұл ретте, жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Сондықтан, қоғамды жегідей жеп жатқан қауіпті мәселелерді көпшілік болып күресуіміз қажет.
Берік ӘБІЛОВ,
Ұлытау ауданы құрылыс бөлімінің басшысы.