Жемқорлық — қауіпті кесел

Еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күреске айырықша көңіл бөлінген, осыған орай арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық, бiрақ бұл мәселе әлi толық шешiмiн тапқан жоқ. Сыбайлас жемқорлықпен күресу Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесі болып отыр. Бұл әлеуметтік қасірет, әлемдегі басым көпшілік елдердің қайсысын болса да айтарлықтай алаңдататыны анық мәселелердің бірі.

«Сыбайлас жемқорлық» мағынсы шет елдерде әртүрлі сипатталады, олардың бірі мысалы «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» дегенді білдіреді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» деген түсінік болған. Ол жалпы сөзбен айтқанда, «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс-әрекетті білдірген және орыс тілінің түсіндірме сөздігі сыбайлас жемқорлықты пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.

Өткен ата-бабаларымыз «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп айтып кеткен сөздері дөп айтылған. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін туғызатын, елдің болашағына үлкен қауіп төндіретін әрекет.

Соңғы жылдарда, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ерекше мәнге ие болады. Бұл мемлекеттің ішкі саясатындағы жемқорлықты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып жатқанының белгісі.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген.Осы Жарлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттер мен олардың пайда болуының алдын-алуды және тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді.

Кез-келген дамыған қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең басты мәселелердің бірі. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер төндіретіні баршамызға мәлім дүние. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы қатермен күресу болып табылады.

Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі өршімесі үшін оны тоқтатудың барлық әдісін қолдану арқылы ғана бұл дертке тиімді түрде қарсы тұруға болады.

Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, барша әлемге танылғанымызға отыз жылдай уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орнын ойып тұрып алды деп ойлаймын. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылып, қоғам дамуының жаңа жолын бастап, уақыттан туындаған әртүрлі мәселелерден айығуды міндет етіп қойып, болашаққа жол бастап отыр. Ол жол – әр қайсымыздын бастауымен алға қойылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жолы. Сол себепті, сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу.

Асқар ТОЙМАҒАНБЕТОВ,

Ұлытау аудандық сотының бас маманы,

сот отырысының хатшысы.