Жемқорлық – қатерлі құбылыс

Тәуелсіз еліміздің экономикасының дамуына кедергі келтіретін, қоғам дертіне айналған мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдатып отыр. Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу — баршамыз үшін маңызды іс.

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық мемлекеттік органдар алдындағы басты міндеттің бірі болып отыр. Қылмыстың бұл түрінің қоғамымыздың барлық саласына тамыр жайып кеткені жасырын емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет шараларының ғылыми танымдары мен өзекті мәселелері Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды реформалаудың барлық кешенді мәселелерімен тығыз байланыста. Сондықтан да қоғам бойындағы бұл кесапат кеселмен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Қазақстанның бүгінгі күнгі күрделі мәселесінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары сияқты қоғамға қауіпті іс-әрекеттер мемлекетіміздің басқару жүйесіндегі сәйкесті буындарды тұншықтырып, олардың қалыпты, заңды қызмет жасауына кедергі келтіреді. Ал, іс жүзінде бірқалыпты дұрыс қызмет атқаратын мемлекеттік органдардың қызметі ғана қоғамның экономикалық дамуына, оның мүшелерінің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге қабілетті. Осыған орай мемлекеттік басқару жүйесін қорғау, оған қылмыстық қол сұғуды болдырмау ең маңызды мәселе болып табылады. Өйткені мемлекеттік аппарат қоғамды басқару жүйесінің қажеттілігі, басқару жүйесіндегі әр түрлі процестердің реттеушісі болып табылады. Жалпы сыбайлас жемқорлықпен күресу жеке адамдардың немесе жекелеген топтың ғана емес мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осыны шынайы орындау үшін әрбір лауазым иесі өзінің жан-дүниесін ұдайы таза, адал ұстауы тиіс. Сонда ғана олар қарапайым халықтың сенімін ақтап, қоғамның тежеусіз дамуына үлес қосқан болар еді.

Эльдар АҚБАСОВ,

Ұлытау аудандық

Қазынашылық басқармасының басшысы.