ЖЕЛТОҚСАНШЫ РУХЫНА – ҚАПЫСЫЗ ҚҰРМЕТ

Ұлытау аудандық мəслихатының төрағасы – «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ пен аудандық мəслихаттың депутаты Нұрлан ЖҮГІНІСОВ Аманкелді ауылдық округіндегі №3 жалпы білім беретін мектебінде Тəуелсіздік күні мерекесі аясында өткен Желтоқсан оқиғасына қатысушы, марқұм Гүлшат Жақияқызы СМАҒҰЛОВАНЫ еске алуға арналған аудандық турнирдің ашылу салтанатына қатысты.

Ахат Құрмансейітұлы аудан аумағынан жиналған спортшыларды, іс-шараға əр тараптан келген Гүлшат Жақияқызының туыс-туғандарын жəне жергілікті қауымды мерейлі мерекемен аудан əкімі Аманжол Мырзабековтың жəне аудандық мəслихаттың депутаттар корпусы атынан ақжарыла құттықтады. КСРО секілді алып империяның іргесі сөгілуіне негіз қалаған Желтоқсан оқиғасының əлем тарихында алар орны мен оған қатысушылардың қаһармандығына қысқаша сипаттама берді. Ұлтын сүйген қалың елдің, əсіресе, жастар қауымының азаттықты аңсап бас көтеруі кейінгі буынның жадында жатталып қаларына, өшпес өнеге боларына назар аударды. Осы тектес ісшаралардың өскелең ұрпақ тəрбиесінде аса маңызды екенін атап өтіп, турнирді ұйымдастырушы ауыл азаматтарына алғыс айтты. Сөз түйінінде мəслихат төрағасы өз қаражаты есебінен «Жеңіске деген жігері үшін» аталымы бойынша бір командаға арнайы жүлде (20 000 мың теңге) тағайындайтынын мəлімдеді.
Сөз орайы келгенде Сəтбаев қалалық ішкі істер ардагерлері ұйымының (төрағасы – Темірлан Жабаспаев) мүшелері «Үздік ойыншы» жəне «Үздік қорғаушы» аталымдары бойынша жүлде (жиынтық сомасы – 20 000 теңге) тағайындағанын айта кеткен жөн.
Жарыстың ашылу салтанатында сондай-ақ, аудандық денешынықтыру жəне спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин, Гүлшат Жақияқызының анасы Мария Əбілова жəне басқа да ресми тұлғалар сөз алды.
Бəсекелі жарыс нəтижесінде Жезді кентінің волейболшылары I орынды жеңіп алды. Қарсақбайлық сайыпқырандар II орынға табан тіресе, III орын жүлдесіне жергілікті Аманкелді-1 командасы қол жеткізді.
«Жеңіске деген жігері үшін» арнайы сыйлығын Қаракеңгір ауылының азаматтары еншіледі. Ал «Үздік ойыншы» аталымында егінділік Ақжол Шубаев ат оздырса, «Үздік қорғаушы» аталымы бойынша аманкелділік Аслан Рақымбектің бағы жанды.
Ал, турнирдің өткізілуі мен ұйымдастыру шығынын ауылдықтар өздері көтерді. Осы орайда, ұйымдастырушы тараптың да еңбегін айта кеткен жөн. Ауыл азаматы Мұса Шманов, №3 Аманкелді орта мектебінің денешынықтыру пəні мұғалімдері Шортан Қабиев пен Алмат Қанатұлы шараның басы-қасында болып, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.