Жеңісті жақындатқан жерлестерге тағзым!

Жезқазғандағы Даңқ аллеясында 9 Мамыр — Жеңістің 78 жылдығына арналған іс-шара өтті. Жиынға тыл еңбеккерлері, облыс активі, ақсақалдар алқасының мүшелері, қала жастары қатысты.

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы алғаш сөз алып, бейбіт күннің тууы жолында азаматтардың ерлігі орасан екендігін және Қарсақбайдың  мысы мен Жездінің марганеці өлшеусіз үлес қосқандығын жеткізді.

«Бүгінгі Жеңіс күні — той тойлайтын, қызық қуатын күн емес. Бұл — кешегі соғыста қан төккен майдангерлер мен тылда қызу еңбек етіп жеңісті жақындатқан тыл еңбеккерлерінің рухына тағзым ететін, оларды еске алатын күн»-деді Берік Әбдіғалиұлы.

Жезқазған, Жезді және Ұлытау әскери комиссариаттары арқылы майданға 12 мыңға жуық адам алынса, олардың 3071-і туған ошағына оралмады. 1466 майдангер ұрыста қаза болса, 1605 адам хабарсыз кетті.

Қазіргі таңда Ұлытау облысы бойынша 801 тыл ардагері, соғыс ардагерлерінің 33 жесірі, 5 тұтқын бар.

Іс-шара батырларды бір минут үнсіздікпен еске алу және ерлік пен өрлікке тағзым үшін Мәңгілік алау ескерткішіне гүл қою рәсімімен түйінделді.