Жеңіс Қасымбек тұрғын үй кезегіне қатысты тексеру жүргізуді тапсырды
Қарағанды облысында тұрғын үй кезегін мезгіл-мезгіл тексеріп отыратын болады. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек түгендеу жүргізуді тапсырды.
Мемлекет басшысының тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмасын орындау онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.
— 2020 жылы облыс бойынша кезекте тұрған 1 528 адам пәтер алды. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үй қорынан — 897, ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша — 102, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ желісі бойынша несиелік тұрғын үй — 124, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша — 365 және демеушілер есебінен — 40. Өткен жылдан бастап «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасы бойынша тұрғын үй қарыздарын беру басталды — бұл «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты», — деді Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Оның айтуынша, облыста тұрғын үй мәселесін шешу жеделдетілді.
Биыл 662 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр — бұл 2020 жылға қарағанда 1/4 есе көп. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін және несиелік тұрғын үй құрылысына, қайталама нарықтан пәтер сатып алуға қаражат бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша кезекте тұрған 2 900 адамға тұрғын үй беру жоспарлануда.
— Құрылыс және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері — өңірлер әкімдері жұмысының басым бағыты. «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларының уақытылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Тұрғын үйге кезекте тұрғандардың тізімдеріне мезгіл-мезгіл түгендеу жүргізу қажет. Жаңа құрылыс аталмыш индустрияны дамытуды талап етеді. Ол үшін жергілікті өндірушілерге қолдау көрсету қажет, — деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.