Жеңіс Қасымбек: «Құрылыс салушыларды сапасыз жұмысы үшін қатаң жазалайтын боламыз»
Қарағанды облысы тұрғын үй құрылысын ұлғайтатын болады. Бұл ретте сапаны бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Нашар жұмыс істейтін құрылыс салушылар жазасыз қалмайды.
Бұл туралы Saryarqa арнасының тікелей эфирінде телекөрермендердің сұрақтарына жауап бере отырып, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек мәлім етті.
— Биыл облыс бойынша 525 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосамыз — бұл өткен жылмен салыстырғанда төрттен бір есе көп. Барлық көлемнің шамамен 25%-ы әлеуметтік тұрғын үйге тиесілі. Биыл кезекте тұрғандарға 2 500 пәтер берілді, өткен жылы 1 600 пәтер болды, яғни 45%-дан астам өсім болды. Бірақ бұл көрсеткіш кезектің тезірек алға жылжуы үшін жеткіліксіз, — деді өңір басшысы.
Үш жыл ішінде тұрғын үй құрылысын екі есеге арттырып, миллион шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жеңіс Қасымбек тұрғындардың сапаға қатысты шағымдарын әділ деп санайды.
— Мен күн сайын әлеуметтік желілерді қадағалаймын. Жеке өзіме көптеген өтініштер келп түседі. Үлескерлердің бастамашыл тобымен бірнеше рет кездестім, — деп атап өтті облыс әкімі. — Құрылыс салушыларға қатысты сұрақтар, шағымдар бар. Бұл нысандар қабылданбайды. Талаптарға сай келмейтін тұрғын үй салатын компанияларды қатаң жазалайтын боламыз. Бүгінде ғаламтор, әлеуметтік желілер ғасыры. Бір нәрсені жасыру мүмкін емес. Кез-келген сапасыз жұмыс дереу желіге жарияланады. Әкімдер оларға әрекет етеді. Сұрақтардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды!
Мердігерлер кепілдік мерзімі аясында барлық кемшіліктер мен ескертулерді жоюы керек. Олай болмаған жағдайда, олар мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп танылып, айыппұл санкциялары мен істі сотта қарау қаупі төнеді.