Жеңіс Қасымбек COVID-19-ға қарсы екпе алды

Бірінші ақпанда Қарағанды облысы коронавирусқа қарсы жаппай ерікті вакцинациялауға қосылды. Бүгін алғашқылардың бірі болып өңір басшысы Жеңіс Қасымбек, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Юрий Залыгин, облыстың штаттан тыс бас нейрохирургі Ғабит Махамбаев, сондай-ақ блогер Денис Денски егілді.

Аймаққа ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1 750 дозасы келіп түсті. Оның 300 дозасы Қарағандыда қалады. Қалғандары Теміртау, Балқаш және Жезқазғанға жеткізіледі. Облыста вакцинаны сақтау үшін 99 Тоңазытқыш қарастырылған. Сондай-ақ, 115 термоконтейнер және екі авторефрижератор бар.

Алғашқы вакцинация Лободы көшесіндегі отбасылық денсаулық орталығында өтті. Мұнда терапевт-дәрігердің кабинеті, шұғыл медициналық көмек кабинеті, егу кабинеттері және вакцинадан кейінгі бақылау аймағы бар. Шұғыл және штаттан тыс жағдайлар үшін жедел медициналық көмек аймағы жабдықталған. Кабинеттерде вакцинациялаудың барлық үдерісін тіркейтін бейнебақылау камералары орнатылған. Бейне жыл соңына дейін сақталады.

Вакцинациядан бұрын дәрігерлер науқасты тексеріп, толық тарихын, оның ішінде аллергологиялық мәліметтерін жинайды. Температураны, қысымды және импульсті де өлшейді. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, вакцинация жасалады.

Бүгін, 1 ақпанда Қарағандыда барлығы 150 медицина қызметкері екпе алады.

Қарағандыда осындай вакцинация орталықтары басқа да емханалар, №1 көпсалалы аурухана және жеке медициналық мекемелер базасында жұмыс істейтін болады. Егу пункттері Теміртау, Жезқазған және Балқашта да іске қосылады.

Ресейлік «Спутник V» вакцинасы — бұл 21 күндік аралықпен енгізілетін екі компонентті препарат. Вакцинаны 18 жастан 65 жасқа дейінгі ересектер ала алады.

Бірінші кезеңде Қарағанды облысында инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық көмектің, жан сақтау бөлімшелерінің, АМСК ұйымдарының, қабылдау бөлмелерінің, санэпидқызметтің 9 мың медицина қызметкерін егу жоспарлануда.

Бұдан әрі педагогтарды, күш құрылымдарының қызметкерлерін және созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған адамдарды вакцинациялайтын болады.

Фото: Дмитрий Кузмичев