Жеңіс Қасымбек барлық жылу электр станцияларын қайта тексеруді тапсырды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Топардағы МАЭС-2 оқиғасынан кейін барлық жылу және энергия көздерінің жай-күйін қайта тексеруді тапсырды.

— Энергетикалық қадағалау департаментіне облыстағы барлық жылу электр стансаларына қайта тексеру жүргізуді тапсырамын, — деді өңір басшысы онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.

Еске сала кетейік, 13 желтоқсанда Абай ауданында «Каzakhmys Еnеrgу» ЖШС Топар-2 МАЭС-де № 14 қазандықтың бу құбыры жарылған болатын. Төтенше жағдай салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам күйікпен ауруханаға жатқызылды.

Оқиға Абай қаласы мен Топар кентін жылумен және электрмен жабдықтауға әсер еткен жоқ. Станцияда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның себептерін тексерумен жұмыс комиссиясы айналысады, ол 10 күндік мерзімде қорытынды беруі керек.

Абай ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта зардап шеккендердің бірі үй режиміне шығарылды, екеуі ауруханада емделуді жалғастыруда.

Жеңіс Қасымбек Абай ауданының әкіміне МАЭС басшылығымен бірге қаза тапқан және зардап шеккен қызметкерлердің отбасына барлық қажетті көмекті көрсетуді тапсырды.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.