«Жеңіл жүріс» өршіп барады
Соңғы кездері «мына қалада мұншама «түнгі көбелек» ұсталды» деген ақпараттардан көз ашпайтын болдық. Ең сорақысы əлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз жеңіл жүрісті қыз-қырқындардың өзін-өзі жарнамалаған сайттардан аяқ алып жүре алмайсыз. Əрине, мұның бəрін құқық қорғау органдары бұғақтап, жезөкшелер мен олардың «жеңгетайларын» құрықтап та жатыр. Бірақ тиылар емес…
Дəл осындай жағдай осыдан екі-үш ай бұрын Ұлытау облысында да орын алды. Облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері арнайы рейдтік шара ұйымдастырды. Шара барысында интимдік қызмет көрсетіп, табыс тауып жүрген қыздар анықталды. Мəлім болғанындай, жеңіл жүрісті қыздар əлеуметтік желілер арқылы өздеріне клиенттер тауып отырған. Арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері секс-индустрияның 32 «қызметкерін» ұстады. Олардың барлығы Алматы, Қызылорда қалаларының жəне Түркістан облысының тұрғындары болып шықты. Тергеу барысында анықталғанындай, бұл «түнгі көбелектер» əр айдың басында Жезқазғанға келіп, пəтер жалдап, өз «қызметтерін» көрсетіп жүрген.
Рейдтік шараның қорытындысы бойынша жеңіл жүрісті қыздарға қатысты Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 449- бабы бойынша хаттама толтырылып, олардың əрқайсысына əкімшілік айыппұл тағайындалды. Мұндай жаза жезөкшелерге пəтерлерін жалға берген мысты қаланың екі тұрғынына да тағайындалды. Олар Қазақстан Республикасының əкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 450-бабына сəйкес жауапқа тартылды. Яғни, оңай олжа тапқысы келген екі тұрғынның əрқайсысы 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 345 мың теңге мөлшерінде айыппұл арқалады.
Қолымызға түскен деректерге қарағанда ел ішінде жезөкшелікке мəжбүрлеу бойынша жүзден астам қылмыстық іс тергеліп жатыр. Десе де, осынау бір «көне кəсіптің» тиылар түрі жоқ сияқты болып көрінеді кейде. Неге? Тағы да ғаламтордағы ақпаратқа зер салайық. Ақтау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты халық мол шоғырланған өңірлерде жын ойнақ орындары əшкереленді деген ақпараттардан көз сүрінеді. Əйтсе де, ғаламторда жезөкшелер өздерін жарнамалап, аккаунттарын түзіп, қызмет ұсынатын қолжетімді ашық сайттар сайрап тұр.
Осы бір орайлы сəтте өткенге көз жіберіп, Қазақстандағы тəн саудасының тарихына қысқаша тоқтала кетсек. 1987 жылы шілдеде Қазақ КСР-де жезөкшелікке тыйым салынды. Яғни бойжеткен тəн сатып тұтылса айып арқалайды. Бірақ бұл жауапкершілік көпке созылмады. 2001 жылы Тəуелсіз Қазақстан Аболиционистік елдер қатарына қосылды. Ол не? Аболиционизм – адамдарды құлдықтан босату қозғалысы. Дəл осы сəттен бастап жезөкшелер заңға сəйкес енді жеңіл жүрісті қоғамға зиянкес элемент емес, құрбандар деп танылды. «Жезөкшелікпен айналысқаны үшін бізде жауапкершілік қарастырылмаған. Халықаралық конвенцияларға сəйкес біз тек жезөкшелікке жегу мақсатындағы адам саудасы фактілерінің алдын алу жəне жолын кесумен айналысамыз. Яғни заң жезөкшелікті ұйымдастыру, оған адамдарды тарту арқылы пайдаға кенелетіндермен күресуге ғана бағытталған. Себебі халықаралық нормаға сəйкес жезөкшелікпен айналысатын тұлға ол құрбан ретінде қарастырылады», – дейді сала мамандары.
Мұны бəлки толеранттылықтың бір қыры деп қарауға болатын шығар. Мысалы бойжеткен ақша үшін жыныстық қатынасқа түссе, оған тиым салатын заң жоқ, яғни қос тараптан келісім бар. Демек, бұл олардың жеке шаруасы-мыс. Ал егер үшінші тарап бас пайдасы үшін сол бойжеткенді жыныстық қатынасқа мəжбүрлесе немесе соны ұйымдастыруға ықпал етсе онда жауапкершілік бар.
Заң не дейді? Қысқаша тоқталсақ. Қылмыстық кодекстің Адам саудасы бабында мүлкін тəркілеумен қылмыстың салмағына қарай түрме жазасы қарастырылған. Яғни жауапқа тартылатын жезөкше емес, тəн саудасын ұйымдастырушы. Жезөкшелікке септесушілерге Əкімшілік кодексте келесі шаралар көзделіпті. Яғни, ҚР əкімшілік кодексінің 450-бабы бойынша жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық мақсатта үй-жайлар ұсынған жеке тұлғаға – 100 АЕК, шағын кəсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК, орта кəсіпкерлік субъектілеріне – 300 АЕК, ірі кəсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК көлемінде айыппұл. Егер қылмыс қайталанып жатса, айыппұл сомасы өседі.
Бұдан нені аңғарамыз? Өзін жазасыз сезінген соң оңай олжа іздеп бикештер қаладан қалаға көшіп қонақ үй жалдап, сауна жағалап тіршілігін жасай береді де.
Қазақстанда қанша жезөкше бар деген сұраққа нақты жауап жоқ. БҰҰ-ның ВИЧ/СПИД жөніндегі арнайы бағдарламасының мəліметтері рас болса сонау 1997 жылдың өзінде Қазақстандағы əрбір 4 əйел ақша үшін жыныстық қатынасқа түскен. Абай атындағы университет жүргізген əлеуметтік сауалнамада сұралған қыз-келіншектердің 40 пайызы өмірінде бір рет болсын тəнін саудалағанын мойындапты.
«Барлық жезөкшелік жолға түскен қыз дар бала кезінде зорлық-зомбылық көріп таяқ жеп өскен терілік көру типіндегі қыз дар», – дейді психологтар.
Психологияда адамдар психотипті сипаты бойынша 8-ге бөлінеді екен. Соның ішінде жаңағы «терілік көру» типіндегі тұлғалар дегеніміз ерекше сезімтал əрі қалауы өте жоғары жандар. Əсілінде бала өмірге келгеннен бастап оның қалауы яғни капризі жеткілікті орындалса, сəйкесінше психосексуалды дамуы да дұрыс қалыптасады. Бұл табиғи құбылыс. Əлгі сезімтал типтегі адамдарды бала жастан қатаң тиып, ұрып-соғып тəрбиелесе, кері салдарға алып келеді.
«Баланы жазалай бергенде бұл бала ары қарай психосексуалды өсуі, психологиясының дамуы тоқтайды да, бала ата-ана ол үшін қауіпсіз қорғаныс иесі болып емес, ата анасы бала үшін қауіптің негізгі көзі болып есептеледі. Сөйтеді де бала ата-анасынан психологиялық тұрғыда алшақтайды. Алшақтаған кезде даму тоқтайды. Кейін ол пубертациялық жастан өтіп ересек адам болып өскеннен кейін, осы тежелген психологияның салдарынан теріс қылықтарға тез икемделеді», – дейді психологтар.
Бұл белгілі бір дəрежедегі психологиялық сұраныс дейді мамандар. Ал егер осы сезімтал жандар отбасы мен қоршаған ортада жылылық пен мейірімділікке қалауынша бөленсе, бұлардан небір өнер адамдары, ғалымдар мен ойшылдар шығады екен. Жалпы бұндай психотиптегі адамдар əрбір қоғамда 5 пайыз ғана өмірге келетін көрінеді.
Сайып келгенде жезөкшеліктің түп-тамыры əлеуметтік жəне тұрмыстық ахуал, отбасылық тəрбиеден бастау алады деп топшылауға болатын шығар. Бірақ демократиялық қоғамның басты реттеуші құралы заң емес пе? Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді деген халық нақылы осындайда ойға оралады.
Сіз не дейсіз, оқырман?
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.