«Жаяу» жобасы мәресіне жетті

Белгілі продюсер Асхат Қажытай «Жаяу» жобасы барысында 777 шақырымды артқа тастап, мәреге жетті. Сапар 20 шілде күні Қарағанды қаласындағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің алдынан басталған болатын. Кеше Ұлытау ауданындағы Әулие шыңында тәмамдалды. Аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы бастаған ұлытаулықтар оны зор құрметпен қарсы алып, ел азаматтары жаяу келген азаматқа ат мінгізіп қайтарған. Өз кезегінде продюссер аз қамтылған 1 отбасыға 50 мың теңгенің сертификатын табыстады.

«Ұлт бесігіне жеткенімде ағалық ниетпен алдымнан шыққан аудан әкімі Советбек Тұрсынұлы бастаған ұлытаулықтарға мың алғыс.

Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақсақалдар батасын беріп, жеңешелер қымыз ұсынып қазақы дәстүрмен күтіп алды. Салтанат соңында аудан басшысы шапан жауып, құрмет грамотасын табыстады. Қонақжайлықтың реті мұнымен тоқтаған жоқ.

Ертеңінде 777 шақырымның мәресі болған Әулие шыңын бағындырып келгеннен кейін аудан әкімі азаматтықтың тағы бір ерен үлгісін көрсетті.

“Ұлт ұясына жаяулатып келдің ғой, енді өз ошағыңа жаяу қайтқаның жарамас” — деп ел азаматтары атынан ат мінгізді.

Мен өз тарапымнан #Жаяу қайырымдылық акциясы атынан аудандағы аз қамтылған бір отбасыға 50 мың теңге сертификат табыстадым.

Алыс шетелге шығар сапар алдында мерейімді үстем қылған бұл ыстық ықыласқа ырзалығымды білдіремін», — дейді Асхат Қажытай.