Жасыл желек – ел байлығы
«Ұлытау» ұлттық паркі республикалық мемлекеттік мекемесі болып, 2021 жылы 7 желтоқсанда құрылды. Бұл – «Ұлытау» ұлттық парк ерекше экологиялық жəне тарихи-мəдени құндылықтары бар мемлекеттік табиғи кешендер мен объектілерді қорғауға оларды туристік, ағартушылық, ғылыми мақсаттарда пайдалануға биологиялық жəне ландшафтық функцияларды сақтауды жүзеге асыру үшін құрылған.
Қазір «Ұлытау» ұлттық паркінің жалпы аумағы – 59912 гектар. Парк аумағы батыстан-шығысқа дейінгі қашықтықта 150 шақырымды, ал солтүстіктен-оңтүстікке қарай 225 шақырымды қамтиды.
Ұлытау тауы оңтүстік батысқа қарай орналасқан. Оның шығысы Қаракеңгір жəне Сарыкеңгір өзендерімен бөлектеніп келеді. Ал, Сарысу өзенінің салалары Ұлытау тауларынан кең алқаптарға қарай ағып түседі. Ұлытау тау сілемдерінің бірі – Арғанаты жотасы. Ол жекеленген қыраттармен еңістеп, бөлшектенуімен, шамамен 70 км жоталы төңіректен бөлектенеді. Арғанаты жотасының ең биігі 700 метр, ал Ұлытау тауының биік нүктесі 1,133 метрге жетеді. Арғанаты мемлекеттік саяжай көлемі 3419 гектар. Ұлытау мемлекеттік саяжай көлемі 20848 гектарды құрайды. Біздің жұмысымыз осы аймақтардағы табиғи байлыққа тұнған өңірдің жасыл желегі мен жан-жануарлар дүниесін қорғау. Осыған орай, парк қызметкерлері жасыл желекті көздің қарашығындай қорғауға əрдайым күш салуда. Өйткені, орман – елдің байлығы, жердің көркі.
Басты міндетіміз – орман ағаштарының заңсыз кесілуіне жол бермеу, ормандар аумағында болатын өртке қарсы күрес жүргізу, сондай-ақ, орман зиянкестері мен кездесетін ауру ошақтарының таралуына жол бермеу, орманды пайдалануды реттеу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың режимін сақтау парк құзырына жатады.
Осы ретте, жануарлар əлемін қорғау жəне қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауды насихаттау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Жергілікті басылымға табиғатты қорғау тақырыбына арналған 13 мақала жарияланды. Сонымен қатар, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау жөнінде 3 əңгіме өткізілді. Өрт қауіпсіздігі бойынша жəне табиғат заңнамаларын бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 43 аншлаг қойылды.
Ал, қыркүйек айында орман өрт фактісі бойынша ҚР Бас прокуратурасының ұсынысында баяндалған тапсырмаларға сəйкес арнайы күзгі оқу жиыны өткізілді. Сондай-ақ, ұлттық парк қызметкерлері күзгі кеспе ағаш орындарын дайындау іс-шараларын жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстар парк қызметкерлерінің күнтізбелік жоспарына сəйкес жүргізіліп отырылды.
Бүгінгі күні «Арғанаты» орман шаруашылығында 21 адам, «Ұлытау» орман шаруашылығында 45 адам жұмыс атқарады. Олардың жұмысы табиғатты қорғау, табиғи ресурстарды сақтау жəне оларды күтіп-баптау болып табылады. Сондықтан да «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тəмсілге сүйеніп, табиғи қорларды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Осы негізде орман шаруашылығында жұмыс жасап жүрген əріптестерімді кəсіби мерекесімен құттықтаймын!
Арайлым НҰРҒАЛИ,
«Ұлытау» ұлттық паркінің экологиялық ағарту инженері.