Жастардың жасырын тәуелділігі: энергетик пен вейп неге сәнге айналды?
Энергетикалық сусындар мен электронды темекілердің зияны туралы мамандар дабыл қағуда. Бірақ, қоғам оны қаперлеріне алар емес…

Бүгінгі таңда жастар арасында вейп тарту мен энергетикалық сусын ішу кең тараған құбылысқа айналды. Бірі өзін сергіту үшін ішсе, енді бірі сән қуып тәтті түтінге әуестенеді. Алайда мамандардың айтуынша, бұл әдеттің түбі тәуелділікке, тіпті ауыр дертке әкелуі мүмкін.
Дәрі болмақ еді, «у»-ға айналды
Энергетикалық сусын алғаш рет 1927 жылы Ұлыбританияда фармацевт Уильям Уокер Хантердің қолынан шыққан. «Glucozade» деп аталған өнім бастапқыда әлсіреген адамдарға күш беру мақсатында жасалған.
Ал Қазақстанда мұндай сусындар XXI ғасырдың алғашқы жылдарында ғана кеңінен тарады. Қазір дүкен сөрелерінде сан түрлі энергетиктер еркін сатылады, ал тұтынушылардың басым бөлігі – жасөспірімдер. Олардың бұл сусынды шамадан тыс қолданатыны соншалықты, ақыр соңында мамандарды алаңдатып отыр.
Терапевт дәрігерлер энергетиктердің жүрек пен жүйке жүйесіне салмақ түсіретінін айтады: «2018 жылы ауруханамызға энергетикті шамадан тыс ішкен азамат ауыр халде түсті. Оның жүрегі тоқтап, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Мұндай жағдайлар – ағзаны жасанды сергітудің салдары», – дейді маман.
Энергетик құрамындағы кофеин адамды уақытша сергітеді, бірақ кейін шаршау мен әлсіздік бірнеше есе күшейеді. Ұзақ мерзімде бұл тахикардия, гипертония, асқазан жарасы, бауыр дистрофиясы және қант диабетіне әкелуі мүмкін. Литва, Франция және Норвегия секілді елдерде мұндай сусындарға қатаң шектеу қойылған: жасөспірімдерге сатуға тыйым салынса, кейбір елдерде тек дәріханада ғана рұқсат етілген. Ал Қазақстанда әзірге мұндай шектеу жоқ.
Вейптің жасырын қаупі
«Вейп» сөзі ағылшынның vape – «булану» деген сөзінен шыққан. Тәтті иісі мен түрлі дәмі арқылы ол жастарды тез тартады. Бірақ құрамындағы пропиленгликоль, никотин және ароматизаторлар өкпені уландырып, тыныс жолдарын зақымдайды.
Мамандар бұл заттардың қаупін нақтылай айтып, дабыл қағуда. «Электронды темекінің түтінін зиянсыз деп ойлау қате. Оның құрамындағы никотин мен химиялық қоспалар жасөспірімнің дамып келе жатқан ағзасына өте қауіпті. Бұл ХОБЛ, бронхит және өкпе қатерлі ісігіне алып келуі мүмкін», – дейді олар.
2019 жылы вейптен зардап шеккен жасөспірімнің өкпесін ауыстыруға тура келген оқиға әлемдік дәрігерлердің назарын аударды.
Психологиялық тәуелділік
Психолог мамандар энергетик пен вейпке әуестенудің түпкі себебі тек физикалық емес, психологиялық екенін айтады: «Жастар өзін «ересек» сезіну үшін осындай әдеттерге бейімделеді. Көп жағдайда бұл – отбасындағы рухани байланыстың әлсіреуі мен бос уақыттың көптігінің нәтижесі. Интернет пен жарнама бұл үрдісті «қалыпты» етіп көрсетіп отыр», – дейді мамандар.
Психологтардың айтуынша, кейбір жасөспірімдер бұл арқылы ата-анасының назарын өзіне аудартуға тырысады. Сондықтан отбасынан бастап түсіндіру, алдын алу жұмыстары күшеюі тиіс.
Заң және жауапкершілік
Мемлекет темекі және электронды құрылғыларға қатысты бірқатар шектеулер енгізген. 2020 жылы ҚР Әкімшілік кодексіне енгізілген 423-1-бапқа сәйкес, 21 жасқа толмағандарға электронды темекі, кальян және никотин сұйықтықтарын сату үшін 15-тен 200 АЕК-ке дейін айыппұл көзделген.
Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 2024 жылы осы бап бойынша 500-ден астам құқық бұзу фактісі тіркелген. Ал білім беру саласында Оқу-ағарту министрлігі мектептер мен колледждерде «Ойланатын уақыт» атты бағдарламаны енгізіп, шылым мен нашақорлықтың алдын алу сабақтарын жүйелі түрде өткізуде.
Түйін
Энергетикалық сусын мен вейп – заманауи өмірдің көрінбейтін дерті. Бірі сергітеді, бірі тыныштандырады деп ойлағанмен, екеуі де ағзаны улайды, психиканы әлсіретеді және тәуелділікке апарады.
Мамандардың айтуынша, бұл мәселемен күрестің басты жолы – тәрбие, білім және қоғамдық бақылау. Жастарға салауатты өмір салты тек ұран емес, өмірлік қажеттілік екенін ұғындыру – қоғам алдындағы ортақ міндет.
Қысқасы, энергетик пен вейп – еркіндіктің емес, тәуелділіктің көрінісі. Бүгін елемеген зиян ертең қоғамның денсаулығына айналмақ қауіп.
Дереккөздер: Azattyq Rýhy, ҚР Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері мәліметтері.
Топтаманы әзірлеген: Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
Тақырыпқа тұздық
Энергетик пен вейп:
сән бе, тәуелділік пе?
Сонымен, қазіргі жастар арасында энергетикалық сусын мен вейп тұтыну үрдіске айналып барады. Бірі оны сергітудің, екіншісі еркіндіктің белгісі санаса, екінші тарап бұл құбылысты жас буынның денсаулығына төнген қауіп деп бағалайды.
Айдана С., студент:
– Қазір жастар арасында энергетик пен вейп сәнге айналып кетті. Бірақ менің ойымша, бұл – уақытша әуестік. Энергетик те, вейп те ағзаға зиян. Көңіл көтеру мен сергітудің басқа да пайдалы жолдары көп қой – спорт, серуен, музыка.
Марат Ә., мұғалім:
– Біз жас ұрпаққа дұрыс бағыт көрсетпесек, жарнаманың жетегінде кетеді. Энергетик ішіп, вейп тарту – еркіндік емес, тәуелділікке бастайтын жол. Білім ордаларында осы тақырыпта жиі түсіндіру жұмыстары қажет.
Лаура Т., дәрігер:
– Энергетикалық сусын жүрекке, қан қысымына және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Ал вейп «қауіпсіз темекі» емес — оның буындағы химиялық қоспалар өкпені зақымдайды. Уақыт өте мұндай әдеттер созылмалы ауруларға әкелуі мүмкін.
Еркебұлан Д., мектеп оқушысы:
– Кей достарым вейп тартады, энергетик ішеді. Бірақ шын мәнінде ол адамды күшті қылмайды. Бір сәтке сергіткенмен, кейін бас ауырып, шаршайсың. Сондықтан мен ондайға жоламаймын.
Құралай апай, зейнеткер:
– Біздің кезімізде жастар қымыз ішіп, тауға шығып, еңбекпен ширақ болатын. Қазір энергияны бөтелкеден іздейді. Менің тілегім – ұрпағымыз өз денсаулығын қадірлей білсе екен.
Дін не дейді?
Ислам діні кез келген денсаулыққа зиян келтіретін, тәуелділік тудыратын нәрселерден аулақ болуды бұйырады.
Құран Кәрімде Алла Тағала:
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар»
(Бақара, 195-аят) – деп ескерткен.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Адамға зиян келтіретіннің бәрі – харам» – деген хадис қалдырған.
Демек, егер энергетикалық сусын немесе вейп адамның денсаулығына, жүйкесіне, рухына залал тигізсе, ол – мұсылман баласына тыйым салынған амал болып есептеледі.
Имамдар мен дінтанушылардың пікірінше, қазіргі таңда «энергия», «сергіту», «бос уақыт өткізу» сынды ұғымдар рухани құндылықтармен алмастырылуы тиіс. Адамға ең үлкен қуат – таза ой, шынайы сенім және еңбек.
