ЖАСТАР САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

«Ауылына қарап азаматын таны» деп жатады. Расында да солай. Ауылдың сәні мен салтанаты келісіп жатса сырттан келген мейман «мына елдің азаматтары мықты екен» деп сүйсініп жатады.

Мибұлақ ауылында да елді сүйсіндіретін сондай жақсы істер аз емес. Соның бірі де бірегейі биыл ғана ашылып, ауыл жастарының жиі жиналып, ойын-сауық құратын жеріне айналған орын – «Жастар саябағы».

Ал, саябақты ашуға сол ауыл жастарының өзі мұрындық болды. Оның басы-қасында ауыл клубының меңгерушісі Туғанай Амантаева жүрді.

– Ауылда жастар азайып кетті. Бәрі қалаға кетіп жатыр. Айтатындары, «ауылда қызығатын ештеңе қалмады», деген сөз. Осыны ескере келіп ауыл орталығынан «Жастар саябағын» ашуды жөн көрдім. Бұл ойымды ауыл әкімі Қалдыбек аға да қолдады. Қолайлы жер бөлді. Бұрын әлдебір ғимараттың қоршауы болған, қазір керексіз болып жатқан темір шарбақтар да бар еді. Соны да сұрап алдым. Сөйтіп, ауыл жастарының басын қосып жұмысқа кірісіп кеттім, – дейді Туғанай.

Шын ынтамен басталған іс қашан да нәтижелі болады ғой. Туғанай да бұл істі ауыл жастары үшін шын ниетімен қолға алып еді. Қолынан іс келетін жастарды да тартты. Темір шарбақтардың сынған, шіріген жерлерін кесіп алып тастап, жаңартты. Бұл істе ауыл жастары Ерболат, Асхат, Марат, Бағдат, Жасұлан, Сұлтан және Ерболат Шубаев сынды азаматтар демеушілік жасап, қолұштарын берген. Сондай-ақ, Рымбек Жандаулетов, Қайрат Балапановтар да көмек қолдарын созыпты. Ал, жеке кәсіпкер Жеңіскүл Алтайбекова саябаққа орындықтар орнатуға, теректер отырғызуға қолдау көрсеткен екен.

– Көп болып жұмылудың нәтижесінде ауылымызда шағын саябақ ашылды. Оны сәулеттендіруге, жарықтандыруға ауыл клубының қызметкерлері қаржы жинап, жасаттырдық. Түрлі түсті шамдар орнаттырдық, – дейді Туғанай Амантаева.

Бұрын балалар алаңын сағалап жүретін ауыл жастары бүгінде осы «Жастар саябағына» жиналатын болған. Жаз бойы бұл жер жастардың жарқын күлкісіне, әзіл-қалжыңына, шырқала салған әніне толы болды. Келешекте мұнда мәдени-көпшілік шаралар өткізу де ойда бар, дейді ауыл клубының меңгерушісі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.