Жастар – қоғамның қозғаушы күші

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мəн береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы Отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дəлелдеп отыр.

Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дəстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.

Дейтұрғанмен, қазіргі таңда еліміздегі кейбір жастарымыздың теріс діни ағымға еріп, саналарының көз алдымызда улануы ойландыратын мəселе болып отыр. Өзге көзқарасты діни ағымдардың кейбір жастардың білім мен ғылымға деген ынтасын жойып, өзге мəдениет пен теріс құндылықтарды насихаттап, жастар арасында жанжал тудыру жағдаяттары орын алып келеді.

Өркениетінің алыстығы теріс жолға түскен жастарымызды ортаға сіңімділігін төмендетіп, өз алдына орта қалыптастыруға алып келетіні сөзсіз. Сонымен қатар, ол орталарда қосалқы мəдениет қалыптастыратынын да жоққа шығара алмаймыз. Бұл жерде діннің атын жамылған ағымдардың діни-психологиялық жəне əлеуметтік тартымдылығы өз алдына бөлек мəселе.

Психология саласының мамандары адам баласының құбылыс екендігі, кез келген ортада психологиялық əрі əлеуметтік мəжбүрлікпен болған жағдайда, сол ортаның жалған идеяларына сіңісіп, ол идеяларды өте келе ақиқаттай көретінін алға тартады.

Жастардың қай замандарда болмасын, əрқашан қоғамда үлкен əлеуметтік күшке ие болғанын байқаймыз. Олар əрдайым қоғамның ең белсенді мүшесі əрі жұмыс күші болып табылған. Оның үстіне бүгінгі жастың ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын басшы боларын ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түседі.

Сондай-ақ жастарда үлкен, əрі жүзеге асырылмаған қуаты мен мүмкіндіктері де бар екенін ұмытпауымыз қажет. Ал, бірақ басқа қырынан қарасақ, салыстырмалы түрде жастар қоғамда əлеуметтік жағынан ең аз қамтылған топқа жатады. Яғни, басында баспанасы мен жұмысы жоқтар, білім алуға да мүмкіндігі аз катеогориялары бар.

Сондай-ақ əлі өмірлік тəжірибесі қалыптаса қоймаған жəне сезімге ерік беретін жастар, көбінесе өзіне ұнаған кез келген бір идеяның соңынан еруге дайын тұрады. Мұнан көріп тұрғанымыздай, жастар – қоғамның ең күшті əрі ең осал тұсы. Көптеген қоғамға таңсық, оның тыныштығын бұзатын идеялар жастар арқылы таралатыны тарихтан белгілі.

Бүгінгі күні діншілдік, діни мəдениеттің қалыптасу қарқынынан озып кеткенін байқаймыз. Бұл өз кезегінде радикалды идеологияның қалыптасуына ықпал етеді. Ал радикалданудың салдары жақсылыққа апармайды. Сондықтан діндарлықтың тым жылдам өсуі қауіп-қатерлер əлеуетін арттыруы мүмкін.

Дін саласындағы өкілетті мекемелер мен сарапшылардың пайымдауы бойынша сарапталған мəселелер жастардың теріс діни ағымдарға арбалуына негіз болатын факторлардың өзектілері болмақ.

Ал, мемлекет бұл тұрғыда қандай шараларды уақытында қолға алып, алдын алу шараларын жасамақ деген мəселеге оралсақ. Бұл тұрғыда тəуелсіз сарапшылар тарапынан мемлекет себебімен емес, салдарымен ғана күресуде деген сыңар езу мəселелерді айтуда. Алайда, мемлекет тарапынан бұл бағытта арнайы министрлік құрып, ол министрлікке жастар саясатын бағындыруының маңызы бар.

Өйткені дін – санаға əсер ететін күш. Ал сана жастардың өмірлік ұстанымдарын қалыптастырып, ынта мен күш-жігерлерін арттырушы. Саналық негіз қалай қалыптасса, үйдің іргетасы секілді жастарда солай қарай бой түземек.

Бұл туралы данышпан Абай атамыз: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тəрбиесінде. Тəрбие ата-анасы, ұстазы, ортасы арқылы қалыптасады. Жас өсе келе қай ортаны жақсы көрсе, сол ортаның ықпалы жастардың санасына көп ықпал етеді», – деген болатын қара сөзінде.

Тəрбиедегі қамқорлық – маңызды құбылыс. Сонымен қатар, көппен бірге адаспай, жалғыз жүріп жол тауып, сол дұрыс жол арқылы көпті тəрбиелеудің маңыздылығының жоғары екенін ұққандаймыз.

 Аудандық ішкі саясат бөлімі.