Жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігі  

Жасөспірімдердің жыныстық тиіспеушілігі – Қазақстан заңнамасында ерекше қорғалатын құқық. Бұл құқық әрбір баланың өз тәніне қол сұғылмауын, жеке шекарасының сақталуын, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуын қамтамасыз етеді. Мемлекет кәмелетке толмағандарға қатысты кез келген жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға міндетті.

Жыныстық тиіспеушілік – адамның өзінің денесі мен жеке өміріне толық иелік ету құқығы. Жасөспірімнің келісімінсіз оған тәндік немесе моральдық қысым жасауға, тиісуге, әдепсіз әрекеттерге итермелеуге, жыныстық мазмұндағы ұсыныстар айтуға немесе ар-намысын қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Қандай жағдайда болмасын жасөспірім өзін жайсыз сезінсе немесе біреудің әрекеті жыныстық сипатқа ие болса, ол заң тұрғысынан құқық бұзушылық болып есептеледі.

Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның жеке басына қол сұғылмаушылық негізгі конституциялық құндылық ретінде қорғалады. Жасөспірімнің ар-намысы мен жеке өмірі заңның қорғауында. Ал Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы кез келген әрекет үшін қатаң жазалар қарастырылған. Зорлау, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, азғындату, қорқыту, балаларды жезөкшелікке немесе басқа да әрекеттерге тарту – бәрі ауыр қылмыс саналып, айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі қатаң жазаға әкеледі.

“Балалардың құқықтарын қорғау туралы” заңда әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруі, ар-намысын аяқасты ететін, психологиялық немесе моральдық қысым жасайтын кез келген әрекеттен қорғалуы бекітілген. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, білім беру мекемелерінің, ата-аналардың және қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Әрбір жасөспірім өз денесіне ешкімнің рұқсатсыз тиісуге құқығы жоқ екенін білуі маңызды. Егер біреу тікелей немесе жанама қысым көрсетсе, әдепсіз ұсыныс жасаса, әлеуметтік желілер арқылы мазасын алса, бұл жай ғана “жайсыз жағдай” емес – заң бұзушылық. Жасөспірім мұндай жағдайда “жоқ” деп айтуға толық құқылы, ал егер қауіп сезілсе, жауаптылардың жазалануы – заң талабы. Оқиға мектепте, көшеде, үйде немесе интернетте болсын, бәрі құқықтық тұрғыдан бірдей қаралады.

Осындай жағдайға тап болған бала немесе оның ата-анасы полицияға, прокуратураға, мектеп психологына немесе сенім телефондарына жүгінуге құқылы. Қазақстанда балаларға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі бар: 111 – ұлттық сенім телефоны, ал шұғыл көмек қажет жағдайда 102 нөміріне хабарласуға болады. Бұл қызметтер жасырын түрде көмектеседі және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Жыныстық тиіспеушілік – жай моральдық талап емес, заңмен қорғалатын маңызды құқық. Жасөспірім өзін еркін, қауіпсіз және құрметтелгенін сезінуі тиіс.

Егер құқық бұзушылық орын алса, үнсіз қалмау маңызды. Көмек сұрау – әлсіздік емес, керісінше өз құқығын қорғаудың батыл әрі дұрыс жолы.

Ұлытау ауданы прокурату