Жас мұғалімдерге жатақхана берілді

Ұлытау ауданы Жезді кентінде жас мамандарға арналған мұғалімдер жатақханасының ашылу рəсімі өтті. Ашылу салтанатында аудан əкімінің орынбасары Алмаз ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ мен аудандық мəслихаттың хатшысы Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ жезділіктердің қуанышымен бөлісіп, жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жас мұғалімдер Ерхан ЮНУСОВ пен Меруерт ƏБІЛХАНҚЫЗЫНА жатақхана кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

Келесі кезекте аудандық білім бөлімінің басшысы Бағдат Əбдірайымов сөз алып, алдағы уақытта да Жезді кентінде орналасқан екі білім ошағына заман талабына сай жаңа модификациялық кабинеттер пайдалануға берілетінін айтты. Құттықтау легін жалғастырып, Жезді кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Рахымбеков аудан басшыларына алғысын білдірді.

– Бұл жер жас мұғалімдер сабақтан алған əсерлерімен бөлісетін, заманауи идеялар мен инновациялық білім беру жобаларын талқылайтын орынға айналмақ. Жас мамандарға бұл өте жақсы мүмкіндік. Еліміздің əр түкпірінен жиналған жас мамандарды бір орталыққа шоғырландыру арқылы баспанамен қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Осындай шара жастардың еңбек етуіне серпін береді. Аудан басшыларына жастарға қолдау көрсетіп жатқандығы үшін жас ұстаздардың атынан алғыс айтамыз, — деді сөз алған жас мұғалім Ерхан Юнусов.

Бұдан кейін іс-шараға қатысушылар мұғалімдерге арналған жатақхананың ішін аралап көрді. Ғимарат ішінде асхана, оқу залдары, жуыну жəне демалыс бөлмелері бар. Жаңа заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған.

Айта кетейік, Жезді кентіне келген жас мұғалім Меруерт Əбілханқызы Жезді мектеп-интернатында қазақ тілі мен əдебиет пəнінен, ал, Ерхан Юнусов №6 Жезді Тірек мектебінде математикадан дəріс беруде.

Жасұлан АЯШЕВ