Жас кәсіпкерлер Қарағанды облысы әкімінің гранттар конкурсына қатыса алады

Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау үшін өңір әкімінің гранттарын алуға өтінімдер қабылдануда. Конкурсқа қатысуға 18-28 жас аралығындағы ісін жаңа бастаған немесе жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер шақырылады. Өтінімдер 10 қазан сағат 18:00-ге дейін қабылданады.

Құжаттарды қабылдау мерзімі өткеннен кейін ұсынылған конкурстық өтінімдер қабылданбайды.

«Гранттар Қарағанды облысының аумағында бизнес-жобаларды іске асыруды жоспарлап отырған конкурс жеңімпаздарына бизнес-жобалардың бюджетіне байланысты миллион теңгеге дейінгі мөлшерде беріледі. Грантқа бөлінген жалпы сома – 100 миллион теңге», – деп хабарлады жастар саясаты мәселелері басқармасында.

Конкурсқа қатысу үшін akimgranty09@yandex.kz электрондық поштасына бір pdf-файлмен өтінім беру қажет немесе фронт-кеңсеге келіп, тапсыруға болады. Ол келесі мекенжай бойынша орналасқан: Н. Әбдіров даңғылы, 5-үй, 425-кеңсе.

Өтінімге мынадай құжаттар қоса берілуі тиіс:

— үлгі нысан бойынша қатысуға өтініш;

— жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

— үлгілік құрылым бойынша әзірленген жобаның бизнес-жоспары;

— соңғы 36 айда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі (бар болса);

— соңғы 36 айда бизнес-жобаны іске асыру үшін қажетті кәсіптік дағдылар мен құзыреттер бойынша оқытудан өткенін, біліктілігін арттырғанын растайтын құжаттың (сертификат, диплом) көшірмесі (болған жағдайда);

— бизнес-жобаны іске асыру үшін қажетті әзірлеуге (өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгі) құқығын растайтын қатысушы құжатының (патент, куәлік) көшірмесі (бар болса);

— ағымдағы банктік шотта қаражаттың бар екендігі туралы анықтама (бар болса, бизнес-жобаны өз қаражаты есебінен қоса қаржыландыру мүмкіндігін растау үшін);

— бизнес-жоспар жобасында пайдаланылатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке жеке меншікті растайтын құжаттардың көшірмесі не жалға алу шартының көшірмесі (бар болса);

— соңғы алты айдағы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме («жұмыссыз» мәртебесі бар қатысушыларға қойылатын талап, «NEET-жастар» санаты);

— оқуды растау туралы оқу орнынан анықтама (ЖОО немесе ООО-ның соңғы курстарының күндізгі бөлімінің студенттеріне қойылатын талап);

— жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (қолданыстағы бизнес-жобаны дамыту үшін грантқа үміткер қатысушыларға қойылатын талап);

— жеке кәсіпкердің ағымдағы банктік шотының болуы туралы анықтама (қолданыстағы бизнес-жобаны дамыту үшін грантқа үміткер қатысушыларға қойылатын талаптар);

— жеке кәсіпкердің банкте несиелік берешегінің болуы (болмауы) туралы анықтама (қолданыстағы бизнес-жобаны дамыту үшін грант алуға үміткер қатысушыларға қойылатын талаптар);

— жеке кәсіпкердің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама (қолданыстағы бизнес-жобаны дамыту үшін грантқа үміткер қатысушыларға қойылатын талап).

Барлық қажетті ақпаратпен телеграм-арнада мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://t.me/akimgranty09. Сондай-ақ байқау туралы толығырақ келесі нөмірлер бойынша білуге болады: 8-778-630-73-97, 8-771-365-99-13 және 8-701-122-24-63 (WhatsApp, Telegram).