Жас боксшылар ерледі

Жуырда Жезқазған қаласында бокстан 2012-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті. Оған Жезқазған, Талап, Ұлытау өңірлерінен жас боксшылар қатысты. Дүбірлі додада аудандық спорт мектебінен қатысқан 5 боксшы шаршы алаңның шаңын шығарды. Тартысты бәсекедегі кездесулер 15 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Екі күнге созылған біріншілікте өнер көрсеткен ұлытаулықтар жұдырықтасуға тас-түйіндей әзір екенін байқатты

Жиырмаға екі келіге дейінгі салмақта Аллаберген Бахрам екінші орынға иеленсе, жиырма алты келіде Елжас Боранбай екінші орынды еншіледі. Жиырма сегіз бен отыз келі салмақта Нұрым Бақытжан мен Нұрсұлтан Серәлі екінші орынды иемденді. Отыз келі салмақта қолғап түйістірген Арсен Қасымханұлы ерледі. Ол ә дегеннен қорғана да, шабуылдай жүріп, ұпай санын еселей түсті. Қарсыластарын жойқын соққының астына алып, осал жерін ұтымды пайдаланды. Нәтижесінде, өз салмақ дәрежесінде қарсыластарын қоғадай жапырып, бірінші орынды жеңіп алды.

Аталған додада жүлдегер атанған балғындардың барлығы аудандық спорт мектебінің жаттықтырушысы Темірлан Қоңырбайдың шәкірттері. Осындай бапкердің Ұлытауға «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келуіне орай, былтырғы жылдың күзінде аудандық спорт мектебінен бокс секциясы ашылған болатын. Мұны да бүгінгі мақаламызда айта кеткен жөн. Себебі, жаттықтырушының ерен еңбегінің нәтижесін көріп отырмыз.

Жалпы айтқанда, Темірланның шәкірттері ауданымызда бокстан көш бастап келеді. Халқымызда «Азаматтың еңбегін айт, елі танысын» деген өнегелі сөз бар. Сондықтан Темірланға қандай мадақтау айтсақ та жарасымды. Оның айғағы, жасөспірімдердің жүлдемен оралуы жас бапкердің еңбегі екені даусыз.

Балғындардың жарқын жеңісі – ауданның абыройы емес пе?!

Қайрат ЖҰМАБАЙ