Жас боксшылар ерледі
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, маусым айының 10-13 аралығында Жамбыл облысы, Шу қаласында бокстан 2006-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасында өткен турнирге қатысқан Ұлытау ауданы жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Қарсақбай бокс үйірмесінің жас боксшылары олжалы оралды.
Нақтылай түссек, бәсі биік бәсекеде 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Темірлан Базылхан І орынды жеңіп алып, топ жарды. Ал, 32 келі салмақта бақ сынаған Махамбет Тілеуберген ІІ орынды еншілесе, 40 және 44 келі салмақ дәрежесіндегілер арасында дәрменді қимыл танытқан Ерасыл Шаяхмет пен Ғибрат Абдулғазы өз топтары бойынша жүлделі ІІІ орынға қол жеткізді.
Балғын боксшылардың бапкері Серік Мәшіріптің айтуынша, жүйелі жаттығу арқылы қарым-қабілеттерін шыңдай берсе, болашақта бұлардың арасынан былғары қолғап түйістірудің шынайы шеберлері өсіп шығуы бек мүмкін.
Өз тілшімізден.