ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ жыр жүйрігі Жүрсіннің мерейтойына арналды

Өткен аптада Қаныш қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығында «Мен жастарға сенемін» атты республикалық жас ақындар айтысы өтті. Қарағанды облысы әкімінің қолдауы негізінде Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жыр додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен көрнекті ақын, қазақ айтысының қара нары Жүрсін ЕРМАННЫҢ 70 жас мерейтойына орайластырылды.

Айтыс – қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Бабалардан қалған осынау өзгеше бітімді өнерге елеңдемейтін қазақ жоқ. Еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырыпсалма ақындарды тыңдаудан жалығып көрген емес. Қаныш атындағы қалада жыл сайын ақындардың республикалық айтысын өткізу дәстүрге айналған. Жақсы іс биыл да өзінің жарқын жалғасын тапты.

Жыр додасының шымылдығы Жүрсін Ерманның өнегелі өмір жолдарын бейнелеген тартымды деректі фильм көрсетілімімен түрілді.

Бейнероликтен соң Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне, айтыскерлер мен көрермен қауымға облыс басшысы Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізді.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, Сәтбаев қаласында айшықты шаралар бір-бірімен астасып өтіп жатыр. Әлгінде ғана ел тәуелсіздігі жолында ту ұстап, жауына қасқая қарсы тұрған батыр балаларымыздың бірі – Төлек батыр Өтепұлының еңселі ескерткішін ашып едік. Енді, міне, жүрегі елім деп соққан ұлтжанды азамат, қазақ өнерінің асылы саналатын айтысты дәріптеп, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші дара тұлға Жүрсін Ерман ағамыздың 70 жасқа толған торқалы тойын Кеншілер қаласы аламан айтыспен бастап отыр. Бұл той енді Қарағанды қаласында жалғасатын болады. Облыс орталығында да от ауызды, орақ тілді ақындарымыз қатысатын жыр додасын өткізу жоспарлануда, – деді Абзал Нүкенұлы өз сөзінде.

Одан әрі қала басшысы Асқар Ыдырысов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі. Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерманның иығына ата дәстүрімен шапан жапты.

Айтыс тізгінін ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай ұстады. Ал, табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-маржанын ұтымды жеткізе білген ақындарға Жүрсін Ерман бастаған, құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын Ғалым Жайлыбай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры Қойлыбай Асан, «Дәридай» ақын – Мұқаш Сейтқазинов, белгілі айтыс ақындары Әнуар Омар, Еркебұлан Қайназаров, Бауыржан Халиолла және жергілікті ақындар Мұса Тілеуов пен Абдолла Дастанов төрелік етті.

Дүбірлі айтысқа елдің әр аймағынан іріктеліп келген, сөздің майын тамызған 16 жас ақын қатысты. Аламанның алғашқы күні олар 8 жұп болып, бәсеке көрігін қыздырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында жырдан шашу шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыссүйер қауымның көңілінен шыға білді.

Сәтбаев қаласын жыр бесігінде тербеткен рухани кешті кестелі жырмен көмкерген 10 ақын келесі күні ақтық сынға өтіп, 5 жұп жыр жарысын жалғастырды. Бәйге жолында ауыздығымен алысқан арғымақтың күйін кешкен жас «перілер» бұл кезеңде де өзгеше өнер көрсетті. Ұтымды сөз бен тағылымды жырға ұйыған көрермен бір сәттерде демін ішіне тартып, сілтідей тынса, енді бір кездері дүбірді дүбірге ұластырып, қиқуға қиқу қосып жатты. Қысқасы, ақындар айтарын армансыз ақтарылып айтты. Ал, айтысқұмар ағайынның арқа-басының құрыс-тырысы жазылып, рахат күй кешті.

Екі күнге созылған жыр бәсекесінде мәнерлі мақам, айшықты сөз, ұтқыр ой, тапқыр теңеу, өткір сын, астарлы әзіл мен тегеурінді тілек арнасынан асып-тасып төгіліп жатты.

Айтыс барысында Жүрсіндей ұлтжанды азаматтың ұлттық өнердің мәйегі – айтысты өркендетуге қатысты өлшеусіз еңбегі мен дара тұлға ретіндегі қадірі мен қасиеті де әдемі әспеттелді. Бір сөзбен түйіндесек, әр ақынның өзіне тән таным-түйсігінен туындаған оралымды ойлар мен маржан сөздер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жандарын жадыратып, барша қауымның санасына сәуле құйды.

Әрине, бәсекеде жеңілген бар, жеңген бар. Бұл – бұлжымас заңдылық. Қазылар алқасының тұжырымына сәйкес жүлделі орындар да жария болды. Бұл айтыста қай ақын болсын сый-сияпатсыз қалған жоқ. Айтыс алаңына шыққан әр ақынға арнайы жүлде беріліп, 150 мың теңгеден қаржылай сыйақы үлестірілді.

Ал, ІІІ орынға ақтөбелік Шынарбек Тұрсын ілігіп, 250 мың теңгенің сертификаты берілді. ІІ орынды Сәтбаев қаласының намысын қорғаған Абзал Мақаш иеленіп, жеңімпазға 350 мың теңге көлемінде жүлде тапсырылды. І орынға қос ақын – қызылордалық Нұрзат Қару мен алматылық Айым Асылбекқызы ие болды. Жеңімпаздарға 600 мың теңге көлемінде сертификат табыс етілді.

Бас жүлде павлодарлық Бөкен Жігерге бұйырды. Орайы келгенде айта кетейік, қоңыр қобызын күңіренткен Бөкен бауырымыз екі күн бойы айтыссүйер қауымның құлақ құрышын қандырды. Дауысы қобыз үнімен үндескен ақын кесек-кесек сөз айтып, келісті ой қозғап, елдің көкейіндегісін дөп басып отырды. Бас жүлде иегеріне 1 млн. теңге сыйақы табысталды.

Ақындардың жыр додасын Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен Жүрсін Ерман қорытындылады.

Айтыстың абызы жас ақындардың өз сенімін ақтап, елге тамаша өнер сыйлағанын айтып ағынан жарылды. Қала әкімі мұндай айтыс Кеншілер қаласында осымен сегізінші рет өткізіліп отырғанын, оның желісі үзілмейтінін мәлімдеп, жырсүйер қауымды тағы бір серпілтіп тастады.

Ізтай БЕЛГІБАЙ