Жан жадыратар жарқын жүздесу
Ұлылар мекені – Ұлытауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор-күйші, домбырашы Шәміл Әбілтай болып қайтты. Дәулескер күйші ұлытаулықтармен кездесуін аудандық мәслихаттың мәжіліс залында өткізді. Көпшілік көңіліне аса қонымды болған іс-шараға аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудандық мәслихат хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан әкімінің орынбасары Алмаз ҚАЙЫРБЕК, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат КАРЕНОВ, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері қатысты.
Жүздесу барысында Шәміл Бисенғалиұлы ардагерлердің сан алуан сауалдарына жауап беріп, ұлт ұясы – Ұлытаудың киелі қасиетін тамсана әңгімеледі. Көрермен аңсай күткен күйшінің көпшілікпен дидарласуы кімге де болсын жағымды әсер сыйлады. Кездесуде айтулы күйшімен өрбіген сыр-сұхбат маңыздылығымен ерекшеленіп, тартымдылығымен есте қалды.
Шара аясында аудан басшысы Советбек Тұрсынұлы киелі өнерді жанына серік еткен Шәміл Бисенғалиұлына құрмет көрсетіп, 200 мың теңгелік сертификаты мен «Қасиетті Ұлытау» кітабын табыс етті. Жан жадыратар жарқын кездесуде Шәміл аға да күй таспасын ұлытаулық ардагерлерге сыйға тартты. Жалпы кездесуде ауыл ақсақалдары күйшіге ықылас танытып, шынайы пейілмен қошемет білдірді. Бұдан кейінгі кездесу аудандық білім бөлімінің ғимаратында жалғасты. Оған өнерге іңкәр өнерсүйер қауым қатысты. Дөңгелек үстел басында Қазақ еліне сазгерлігімен, күй құдіретімен таныла білген өнер иесі Кәкімбек Салықовтың сөзіне жазылған «Төрт босаға» әнін, «Ұлытау» күйін орындады.
Келісті кездесуде қатысушылар күйші-композитордың басқа да шығармаларымен жете танысты. Күйші өмірбаянына қатысты сауалдарына да жауап алды. Майталман күйші алғашқы Ұлытауға келген жылынан бастап, жастық шағын, күйші-композитор ретінде қалыптасу жолын баяндады. Дөңгелек үстел соңында өнерсүйер қауымға батасын берді.
Жиын аудандық өнер мектебі мұғалімдерінің «Адай» күйімен аяқталды. Осындай жарасымды жүздесу мен келісті кездесуде әсер алған ұлытаулықтар Шәміл Әбілтайды құрметтеп шығарып салды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ