Жалынды жастар форумы
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай, аудан орталығындағы Сапар орталығында Жастар форумы өтті. Іс-шара аудандық Жастар ресурстық орталығы, аудандық Іскер әйелдер қауымдастығы және «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының ұйымдастыруымен өткізілді.
Алдымен, жиналғандар Сапар орталығын аралап, көрмеге қойылған жәдігерлер мен фотосуреттерді тамашалады. Бұдан кейін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында «Ұлт руханияты — Тәуелсіздік» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оны №1 Ұлытау орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Маржан Аханова жүргізіп отырды. Алғашқы кезекте, аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек жиналғандарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімбек Жандарбеков, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Жұманов жүрекжарды лебіздерін білдіріп, ұйымдастырушы тараптарға алғыстарын айтты.
Конференция барысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жайында аудан жастары баяндады.
Құрмет ТІЛЕУЛИНОВ, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
— Еліміздегі әр шаңырақ шаттықта, керегесі кеңдікте, терезесі теңдікте болсын. Көршілес жатқан елдермен бейбіт күнде күн кешіп, ғұмырлы болып, тұғырлы болуын тілейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Альмира ОСПАН, аудандық «Ұлытау» газетінің жауапты хатшысы:
— Мен – Тәуелсіздіктің құрдасымын. Егемендіктің таңы атқан жылы туғанмын. Азаттық маған алаңсыз балалық шақ сыйлады, таңдау мүмкіндігін берді. Ақпарат саласын таңдап, журналистика саласына келуіме жол ашты. Бүгінде мен тәуелсіз елде, тәуелсіз басылымда қызмет етемін.
Айжан БИМАҒАНБЕТОВА, №1 Ұлытау орта мектебінің биология пәні мұғалімі:
— Тәуелсіздіктің бізге бергені өте көп. Осы жылдар ішінде қаншама жетістіктерге жеттік. Елімізді бүкіл әлем таныды. Тәуелсіздіктің арқасында біз тегін білім алдық. Қалаған жоғарғы оқу орнына түсіп, шетелдерде тәжірибе алмасуға зор мүмкіндігіміз бар. Өзімізді бақытты ұрпақ деп білеміз – дейді форумға қатысушы жастар.
Сондай-ақ, жастар форумында аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы – Бекзат Жанкелді, аудандық «Оқушылар үйінің» туризм нұсқаушысы Сағадат Мұханбетов өз ойларымен бөлісті.
Соңында аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбекұлы сөз алып, Тәуелсіздік құрдастары мен баяндамашыларға арнайы аудан әкімінің Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.